Маңғыстауда теміржол жөндейтіндер шағымдарын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда теміржол жөндейтіндер шағымдарын айтты

04.04.2022

Маңғыстау облысында теміржолды жөндеп, қысы-жазы далада жүретін жұмысшыларға жағдай жасалмаған. Жалақыларымыз да мардымсыз деген олар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан бастап, құзырлы органдарға шағымданған. Бірақ, өзгеріс жоқ. Бейнеу жол дистанциясының жұмысшыларымен кездескен Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бейнеу темір жол дистанциясының Сайөтестегі бөлімшесінде 60 қа жуық адам еңбек етеді. Олардың негізгі міндеті осылай рельстердің арасын қардан, құмнан тазартып, пойыздың өтуіне жағдай жасау. Алайда, жұмысшылардың өздеріне мүлде жағдай жасалмаған. Оларға арнайы киімдер берілмейді, әркім тапқанын киеді. Айдалада тамақтануға мәжбүр, Ал мына құрал жабдықтардың жаңартылмағанына тіпті 5 жыл болған.

Төреғали Адинаев 15 жылдан бері теміржолды жөндейді. Әсіресе, қар жауып, жолды топырақ басқанда дамылсыз жұмыс істеуге тура келеді, - дейді. Өйткені, рельстердің арасын жедел тазартпаса, пойыз өте алмайды. Ал, ол үшін жұмысшылар кәдімгі балға, сыпырғы, қолдан жасалған белді қолданады.

Төреғали Адинаев, теміржолшы:

Тек мына жерде жилеттен басқасы бәрі өзімнің киімім. Жүретін жеріміз бәрі шебін сол шебін мына аяқ киімімізді қоймайды. Сол тозғасын басқасын бізге бермейді. Өзіміз сатып аламыз ақшамызға.

Ал, Орал Құлбаев талай рет далада қалған. Себебі, темір жол бойында қыста ықтайтын күркелер жоқтың қасы. Салдарынан 45 жастағы азамат созылмалы ауруға шалдыққан.

Орал Құлбаев, теміржолшы:

Мұқият жұмысшылар, халықтың қауіпсіздігі себебі бұның үстінен ел өтіп жатыр. Буткілеріміздің жасалғанын сұраймыз. Табельныйлар, мына инструменттерміз, материалдарымыз сосын машиндеріміз дұрыс сайма сай тұрса екен дейміз.

Алайда, Бейнеу жол дистанциясының директоры жұмысшылардың шағымымен келіспейді. Оның айтуынша, гараждар мен жолдағы күркелер жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтеді. Жұмысшылар арнайы киіммен қамтылған көрінеді. Ал, қаңтардан бастап орташа жалақы 210 мың теңгеге көтеріліпті.

Берікбай Айтманов, Бейнеу жол дистанциясының директоры:

Біздің жұмысшылардың жағдайы жоқ емес, жағдайы бар. бірақ енді кейбіреулерінің жұмыс орындарына қысқы мезгілден жазға шығып жатқан кезде құрттай жөндеу жұмыстарын өткізетін жұмысы бар. бірақ оларды дер кезінде істейміз. Және где то осы 1 ай шамасында оларды жөндеп, ремонттарын өткізіп істеп қоямыз.

Бейнеу жол дистанциясында барлығы 349 жұмысшы бар. Олар жалақыны көтеріп, мерекелік сыйақы беруді және түсте ыстық тамақ ұйымдастырылғанын сұрайды. Бұл мәселелерді комиссиясы қарастырып жатыр.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу