Бас бәйге 1 миллион теңге. Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында волейболдан облыстық турнир өтті. Ерлер арасындағы жарыста қала мен аудандардан жиналған құрама командалар бақ сынады. Жарыстың басты мақсаты – бұқаралық спортты насихаттау, волейболшылардың шеберлігін шыңдау.
Зайсан қаласында өткен турнирге барлық командалар жақсы дайындықпен келіп, жеңіске деген құштарлықпен ерекшеленді. Кездесулердің дені бес партияға дейін жалғасып, жеңімпаздар қарсыластарынан бар болғаны 1-2 ұпай артықшылықпен басым түсті.
Елжан Жазбаев, волейболшы:
Балалар қалада, облыста чемпион болып жүр. Зайсан қаласында осындай үлкен турнир болады дегеннен кейін, арнайы шақыртумен Семей қаласынан келдік. Облыс бойынша ең мықты деген 7 команда келді.
Салауатты өмір салтын насихаттау, жарыс ұйымдастыру – кемел іске бастайтын шаруа. Облыс орталығынан шалғай жатса да, Зайсан шаһарында спорттық шаралар жиі өтеді. Өйткені өңір халықының бұқаралық спортқа деген қызығушылығы жоғары.
Серік Оразбеков, жарысты ұйымдастыру алқасының мүшесі:
Биыл оныншы рет өтеді осы «Нұр» турнирі. Негізгі мақсатымыз – жастар мен халық арасында спортты дамытып, насихаттау. Жастарға үлгі болуымыз керек.
Жалпы, соңғы 3-4 жылда Зайсанда волейбол спортының өресі кеңейді. Осы саладағы мамандар оң өзгерісті ауданға жас жаттықтырушылардың келуімен түсіндіреді. Олардан тәлім-тәрбие алған шәкірттер сайыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
Секен Бодаев, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Бала тәрбилеп, жақсы нәтиже көрсету үшін маман керек. Сол себептен іздедік, шақырдық жас мамандарды. Қазір жас жаттықтырушылар келіп отыр. Дастан Әсетханов, Бекжан Құрмашев - екеуі де Зайсан құрама командасының мықты волейболшылары.
Турнирдің екінші күнінде негізгі бәсекелестік 4 команда арасында өрбіді. Финалға Семей мен Зайсан командасы шығып, бас жүлдеге қойылған 1 миллион теңгені Семейдің жігіттері ұтып алды. Келесі жылы бұл турнирді республикалық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.
Берік Көшербай