Үкімет басшысы Асқар Мамин Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді. Осы елде болған кездесуде негізінен екі елдің экономикалық байланыстарын одан әрі дамыту жайы сөз болды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Нидерланды энергетика, қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге келісті.
Айта кетейік, Нидерланды - Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Тәуелсіздік жылдарында Нидерланды біздің елге 92 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Елімізде Нидерланды капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары екіжақты тауар айналымы 6,5 млрд долларды құраған. Үкімет басшысы осы сапарында Қазақстан-Нидерланды бизнес форумына қатысты. Оның аясында екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен маңызды 5 құжатқа қол қойылды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Нидерландымен тұрақты серіктестік өзара қарым-қатынастарының негізін салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілікті жақтаушы көпвекторлы сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтайды және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі.
Уаэл Сауан, «Royal Dutch Shell» компаниясының атқарушы вице-президенті:
Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Үкімет басшыларыңыз барлық кездесуде екіжақты қарым-қатынасты дамыту жөнінде ашық әңгімелесті. Өз ойларымызбен бөлістік. Біз Қазақстанмен байланысты нығайта береміз. Энергетика саласында жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Қазақстанның барлық салада мүмкіндігі мол деп есептеймін.
Ербол Мәндібек