Мәскеуде пәтер жалдағысы келгендерді алдайтын алаяқтар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде пәтер жалдағысы келгендерді алдайтын алаяқтар көбейген

30.10.2019

Мәскеуде алаяқ риелторлардан зардап шегетіндердің 70 пайызы ТМД елдерінің азаматтары екен. Жұмыс іздеп, оқу оқимын деп барып, жалған риелторлардың айласына алданып қалатындар қатары биыл 7,5 есе өскен. Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер әккі әрекетке барып, заң жүзінде жеке кәсіпкерліктерін де тіркетіп алған. Оларды жазалауға құқық қорғау органдарының қауқары жетпей жүр.

Алаяқтардың арбауына түсіп, қалтасындағы соңғы тиынына дейін риелтор атын бүркенген арам ниеттілердің есеп- шотына аударып жібергендердің бірі - Арсен Миронов. Ол интернет сайттары арқылы қолжетімді бағаға пәтер жалдамақ болған.

Арсен Миронов, студент:

Интернеттегі тіркелген мекеменің агенттері жоғары сенім ұялатты. Сондықтан ойланбай он мың рубль аударып жібердім, маған сапасы жақсы, кең бөлмелі үйлердің суреттерін жіберді, бірнеше ұялы телефон нөмірін де жазды қожайындардікі деп. Бірақ ақшаны аудара сала, олар жоқ болды, ал берген нөмірлерінің ешқайсысы жауап бермеді. Қазір бір танысымның бөлмесін жалдап тұрып жатырмын.

Шермат Самандаров осыдан 7 жыл бұрын Ресей астанасына көшіп келген. Пәтер иесі «сіңілім қайтыс болды» деп екі күннен соң қуып шыққан. Ақшасын қайтармай тақырға отырғызған. «Қазір енді айналаға байыппен қараймын, асығыстық жасамаймын»,- дейді.

Шермат Самандаров, Өзбекстан Республикасының тұрғыны:

Бірнеше рет ондай жағдай болған. Бұл қалаға келгендердің бәрі алданады, өз басым қазір алданбаймын. Пәтерін жалға беретіндер мен риелторлар да мафия құрып алған.

Интернеттен орталық ауданда екі бөлмелі үйді көресіз, қоңырау соқсаңыз, «мен агеннтік өкілімін, үй әлі жалға берілмеді, сізге көмектесеміз, бірақ біздің қызметіміздің ақысын алдын ала төлейсіз», - дейді. Үй иесінің телефонын береді, ол кешке пәтерін көрсетем деп уәде етеді. Ал іс жүзінде ол үй жоқ, кешке қожайынның жұмыстары шығып қалады. Осылайша Мәскеуге келгендер сабылып, құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүр. 

Алексей Мощенков, «Рос-Жилье» ұйымының басшысы:

Қымбаттау болса да, тұрғын үймен айналысатын ресми мекемелер арқылы ғана пәтер жалдаған дұрыс. Орталықта бір бөлмелі пәтерді 25 мың рубльға жалдау мүмкін еместігін түсіну керек. Орталықта пәтер құны 40 мыңнан жоғары. Қазір алаяқтар әккі болып алған, тіпті кеңселерінде өз заңгерлері отырады. Сондықтан оларға түк те істей алмаймыз. Айта кетейін, пәтер жалдайтын кезде ешқандай құжатқа сенбеңіз, қазір өтірік құжат жасау оңай, тек мемлекеттік бірыңғай реестрдің анықтамасын талап етіңіз.

Осылайша Мәскеуде алаяқтар алшаңдап жүріп, шамамен 300 млн рубльға азаматтарды алдаған. Тіпті сенімге оңай кіріп алатын олар арнайы психологтың курсынан өтеді екен. 

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу