3000 киікті қырып салған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3000 киікті қырып салған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

28.10.2019

Үш мыңға жуық киікті қырып салған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Браконьерлер тонналаған мүйізді Қытайға контрабандалық жолмен өткізбек болған. Табиғатқа төндірген ауыр залалы мен мемлекетке келтірген шығыны шаш етектен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаскөйлерді тайраңдатып қоймай, қатаң жазалауды тапсырды. Және де бұл бассыздық ең соңы болсын деп ескертті.

Бұлар қынадай қырылған киіктердің мүйізі. Ортақ салмағы 1 тонна 118 келі. Ал аяусыз атқандар айылын жимаған ел азаматтары. Обалы солардың мойнында. Тек обалы емес, жазаға да тартылады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қыркүйек-қазан айларында ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 мүшесін ұстап, 9-ы сот санкциясымен қамауға алынды. Браконьерлер мемлекетке 6 миллиард теңгеге жуық зиян келтірген. Үш мыңдай киік атылғанда Мемлекет басшысы да үнсіз қалмады. Twitter желісіндегі парақшасында «Браконьерлер табиғат байлығы – киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс»,– деді.

Іле-шала Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті брифинг өткізді. Егер заң жобасы мақұлданса, инспекторлардың өкілеттілігі кеңеюі мүмкін.

Асхат Қайнарбеков, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

Браконьерлер қару қолданатын болса, инспектордың қару қолдануға құқы бар. Инспектор оны ұстап, оны Ішкі істер департаментіне алып келуге құқы болады.

Бұған дейін аталған құзырет атымен жоқ болатын. Яғни құралай түгілі қорықшы да қорғансыз еді. Сондай-ақ олардың көліктерін жарақтандырып, арнайы техника дәрежесіне көтеру де ұсынылып отыр. Иә, осының бәрі оң нәтижесін бере ме, жоқ па алдағы уақытта көреміз. Бірақ дәл қазір браконьерлер білгенін істеп жүр. Күні кеше ғана Қарағанды облысында терісі сыпырылған 72 киік табылды. Күдіктілер құтылып кеткен. Аң тұрмақ қаскөйлердің кесірінен биыл үш адам қаза тапты.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Ал ел аузындағы қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты іс әлі жалғасып жатыр. Жеті күдіктінің үшеуі тергеу изоляторында, төртеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр. Сот отырысының алдын ала тыңдалымы 31 қазанда өтуі тиіс.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу