Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен келіссөздер жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен келіссөздер жүргізді

25.10.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко екіжақты кездесу өткізді. Кеше кешкісін қазақ жеріне ресми сапармен келген Беларусь басшысын Ақорда бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Ресми шарадан соң Президенттер шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Олардың нәтижесінде Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Тараптар 8 құжатқа қол қойып, бірнеше бағыт бойынша ортақ жаңа жобаларды жүзеге асыратын болып келісті. Басымдық сауда-экономикалық байланысқа, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика және IT салаларына беріліп отыр. Былтыр қос ел арасындағы алыс-беріс 800 млн доллардан асты. Ендігі мақсат - бұл көрсеткішті ұлғайту.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл - жақсы үрдіс. Бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте жалғасын табады деп мен үміттенемін. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Үкіметтеріміз екі елге жеткізілген тауарлардың санын көбейту, өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауы тиіс. 

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

Қазіргі таңда комбайн, трактор, жік көліктері сынды Беларусь техникасын жинау бойынша ортақ жобамыз табысты жүзеге асырылып жатыр. Ауыл шаруашалығына қажет техника да құрастырылады. Ал бүгін астық және жем-шөп жинайтын комбайндардың өндірісін ұлғайту жайлы келістік. Сондай-ақ, Қазақстанда Минск тракторын шығару туралы стратегиялық жоспарды құра алдық.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу