Иә, бір күнде 84 мың адам байланыстан қол үзсе, Оралда тұтас қала жарықсыз қалды. Яғни көшелердегі шамдар өшіп қалған. Жалпы шаһар шамдарының 70 пайызы ескірген. Бұл жалпы қала көркіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қылмыстың өршуіне және жол апаттарының жиілеуіне себеп болып отыр.
Соңғы кезде қала көшелерінде жарық жиі сөнеді. Барының өзі әлсіз. Ал шеткері аумақтарға электр желісі мүлдем тартылмаған. «Ескі әуежай» ауданындағы Тәуелсіздік, Бірлік, Еділ көшелерінде жарық шамы жоқ. Бұл қылмыстың өршуіне түрткі.
Уәзипа Төребекова, тұрғын:
Жарық жоқ көшеде. Көліктер шапшаң жүреді. Жарық керек. 15 шақты жыл боп қалды тұрғанымызға. Әлі жоқ.
Ғалым Сағындықов, қала тұрғыны:
Осы бағандардың бәрінде электр қуаты жоқ. Түнде көлігімізді қалдырып кетіп едік, аккумуляторды ұрлап кетті. Көше тас қараңғы. Алдында әйел адамның айқайлаған дауысын естідік. Барсақ, тонап кеткен. Жарық өткізсе екен тезірек.
Ірге түгілі, қаланың қақ ортасындағы көшелер де тас түнектей. Шаһар бойынша 20 мыңға жуық жарық нүктесі бар. Соның тек 30 пайызы жаңарған. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қаланың 90 көшесіне жарық берілуі керек еді. Алайда құжат уақытылы рәсімделмеген. Жоба кешіктіріліп жатыр.
Орынбасар Бисенғалиев, Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:
Бүгінде жарық шамдарының жанбауы туралы көптеген арыз-шағым түсті. Бірақ бізде жанбай қалу себебі конкурстық процедуралардың созылуына байланысты жұмыстар кідіріп қалды. Бірақ қазір ол жұмыстар қалпына келтіріліп жатыр.
Жоба бойынша қала көшелеріндегі 5500-ден астам жарық нүктесі жаңғыртылуы тиіс. Жалпы ұзындығы 180 шақырым. Ескі шамдар жаңа үлгідегі жарықдиодты, қуат үнемдегіш қондырғыға ауыстырылады. Бұған 2,1 миллиард теңге қаражат керек.
Қайрат Мұқамбетқалиев, Облыстық энергетика басқармасы басшысының орынбасары:
Жарық шамдары әбден ескірген. Көбі сынап, натрий шамдары. Кейбірі істен шығып жатыр. 20 жылдан аса пайдаланылып келеді. Оларды жөндеуге қосымша бөлшек те табылмайды. Өйткені қазір ондай шамдар шығарылмайды. Сондықтан бәрін жаңа жарықдиодты шамдарға ауыстыру қажет.
Өңірде ай басында жол апатынан 14 күнде 14 адамның қаза табуы жауаптыларды атқа қондырды. Көшедегі жарықтың жоқтығы, жаяу жүргіншілер жолының уақытылы боялмауы да қайғылы оқиғалардың жиілеуінің бір себебі ретінде айтылды. Қазір жарықтандыру жобасы сараптамада жатыр. Құжат 15 желтоқсанға дейін дайын болуы тиіс.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ