Тұрғындарға медициналық скринингтен өту мәселелері түсіндірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындарға медициналық скринингтен өту мәселелері түсіндірілді

23.10.2019

Келесі жылдан бастап скринингтен өту тәртібі өзгереді. Қызмет екі пакет бойынша ұсынылмақ. Кепілдендірілген медициналық көмектен бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында да тұрғындар диагностикалық тексерістен өте алады. Оның жолдары қандай болмақ?

Елордалық тұрғын емханаға келіп, денсаулығын толық тексертіп алды. Бәрі тегін. Нәтижесінде жүректің қан тамыр жүйкесі ауруының алғашқы белгілері бар екенін білді. Бірақ дер кезінде келіп, тексерілгеннің нәтижесінде қауіпті аурудың алдын алды. Скрининг деген - осы. Ауруды ерте кезеңінде анықтап, қатерлі кеселге жол бермеу.

Ләйла Сыбанбаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының бас сарапшысы:

Біздің дәрігерлер көп жұмыс істеп жатыр. Көп диспансерлік есепте тұрмайтын аурулардың ішінен алдын ала онкологиялық, гипертония, қант диабетті тауып, диспансерлік есепке алып, одан әрі қажетті мамандарға көрсетіп, сауықтандырып жатыр.

Сол себептен, келер жылы да скрининг жалғасады. Тек тәртібі сәл өзгереді. Жатыр мойын обыры, сүт безі, тоқ ішек обырына тексеру кепілдендірілген тегін медицналық көмек бойынша жүргізілмек. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 18 жасқа дейінгі балаларды скринингтік тексеру, артериалды гипертония, жүрек ишемиясы, қан көтерілу, глаукома, онкологиялық ауруларды анықтау жүргізілмек.

Әйгерім Исламова, №5 қалалық емхана дәрігері:

Болашақта скрининг жалғасады. Өйткені қатерлі ісіктердің алдын алу үшін жалғасып жатыр. Қазір білесіздер, 30 жастан бастап 70 жас аралығында жатыр мойын ісігінің ауруын тексеріп жатырмыз. Өйткені қазір қыз-келіншектерде осы ауру көп кездеседі.

Осы 5-ші қалалық емхананың өзінде биыл жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары бойынша 3 пайыз, жатыр мойын ісік ауруларының 17 пайызы, сүт безі ісігінің 37 пайызы ерте анықталып, қауіпті аурулардың алды алынған.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу