Ұйғыр ауданының жолдары түгел жаңарып, елді мекендерге көгілдір отын кіргізілуде

14.10.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдің әр аймағын табиғи газ, сапалы жолдармен толық қамтылмағандығын айтып, өңір басшыларына осы мәселені тез арада қолға алуды тапсырған еді. Сондықтан қазір өңірлерге қыруар қаржы бөлініп, ауқымды істер атқарылып жатыр.

Бүгінде ауданға қарасты 25 елді мекен бар. Жыл сайын 3 ауылдың жолдары толық жөнделеді. Қазір аудан орталығындағы жолдардың 70 пайызы жаңартылды. Оған бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, өңірге көгілдір отын кіргізу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. 500-ден астам үйге табиғи газ кіргізілді.

Құралбек Бекмұханбетов, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары:

Осы Шонжының өзіне 4 жарым миллион газ керек. Тек Шонжыға. Бүкіл мекемесі бар. Тұрғындары бар. Бүгінгі күнге 800 мың кубтай газ келді. Құдай қаласа, келесі жылы да осының бәрі қосылып, толық орындаймыз деп отырмыз.

Аудан әкімдігінде тұрғындардан келіп түскен талап-арыз, өтініштердің оң шешілуін қадағалайтын бөлім ашылды. Бұл халықпен ашық байланыс орнату үшін қолға алынған істердің бір парасы. Мәселен, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдарда қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істеп тұр.

Дархан Ызғарбек, Мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы:

Сервистік әкімдік және Open Space технологиялары жүйесін қолданып, халықпен тікелей байланысуға, сондай жағдайлар жасауға жұмыс атқарып жатырмыз. Аудандағы кейбір ауылдар шалғай орналасқан. 100 шақырымнан артық. Сондықтан бұл кісілердің ризашылығын естіп жатырмыз.

Қызмет көрсету бұрыштарына келушілер кез келген құжатты осы жерден алады. Жұртшылық үшін брлық қолайлы жағдай жасалған. Ал аудандағы мемлекеттік басқарушы органдардың қызметі мониторинг арқылы бақыланады. «Себебі алдымен сапаға мән береміз», - дейді мамандар. Тұрақты қадағалаудың нәтижесінде, қызмет сапасы артып, жұмыс оңтайланған.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу