Түркістан облысындағы 11 ауыл келер жылдан бастап табиғи газдың игілігін көреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы 11 ауыл келер жылдан бастап табиғи газдың игілігін көреді

12.07.2018

Түркістан облысының шалғайындағы Шардара қаласы мен оның төңірегіндегі 11 ауыл келер жылдан бастап табиғи газдың игілігін көреді. Бүгінде шаһардың іргесіне дейін 39 шақырым магистральді құбыр тартылып, газ тарату станциясының құрылысы жүруде.  Оны салуға қазынадан 2 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Станция арқылы сағатына 50 текше метр көгілдір отын құбырларға жіберіледі. Жалпы, 80 мыңға тарта  тұрғыны бар Шардара ауданы облыста табиғи газбен аз қамтылған аймақтардың бірі. Қазір көгілдір отынды аудан халқының небәрі 17 пайызы ғана пайдаланады. Жаңадан салынып жатқан газ тарату станциясының арқасында енді өркениет игілігіне қол жеткізген тұрғындар саны тағы 44 мыңға өскелі отыр.

 Газ тарату орталығы мен елді мекендерге желі тарту жұмыстары алдағы екі жылда толығымен аяқталмақ.    

Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі:

Биылғы жылы қосымша осы ауданның солтүстігіндегі Достық, Қызылқұм, Сүткент секілді 5 елді мекенге газ тарту жұмысы басталды. Ендігі жылы аяқталады. Соның нәтижесінде  жалпы 2021 жылдың қорытындысымен ауданның 99,4 пайызы толығымен көгілдір отынды пайдаланатын болады. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу