Елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін іске қосу қарсаңында денсаулық сақтау саласы толығымен цифрландырылды. Өзіңіз туралы медициналық ақпаратты ұялы телефоннан алуға болады. Елімізде осындай мобильді қосымша іске қосылды. Онда кез келген адамға қажетті ақпараттардың барлығы сақталған.
EGOV MOBILE қосымшасында жеке тұлға туралы келесідей ақпарат алуға болады. Алғашқысы, қандай емханаға тіркелгендігі және жауапты дәрігердің аты-жөні. Одан соң, диспансерлік аурулардың регистрі. Үшіншісі, дәрігердің сізге жазып берген рецептері туралы мәлімет. Және соңғысы, қандай ауруханаға жатып, қандай ем қалбылдағаныңыз көрсетіледі.
Рашид Исмаилов, Ақпараттық денсаулық сақтау департаменті кешенді тестілеу бөлімінің басшысы:
Қосымшадағы ақпараттар әр түрлі жүйеден алынады. Қазақстанның кез келген түкпірінде дәрігерге жүгінсеңіз ол бірден базаға түседі. Ал бұл сізді қарайтын келесі дәрігерге өте ыңғайлы.
Одан соң мобильді қосымша арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылауға болады. Мәселен, тегін берілетін дәрі-дәрмектің тұтынушыға дейін жеткен жетпегенін көре аласыз. Бұл медицина саласында болуы мүмкін бармақ басты көз қыстылықтың алдын алады. Қосымшаны пайдалану әдісі де өте қарапайым.
Айдын Мұхамеджанов, Ақпараттық денсаулық сақтау департаменті архетиктураны жобалау бөлімінің басшысы:
Қосымшаға тірекелуді бірнеше түрмен өте аламыз. Қазіргі таңда екі түрлі тіркелудің түрі бар. Біріншісі, электронды қолтаңба арқылы. Ол біздің электронды үкімет порталында да қолданылады. Екіншісі ол — «СМС авторизация» дейді.
Болашақта жаңа жобаны одан әрі жетілдіріп, тұрғындар үшін пайдасын арттыру жоспарланып отыр.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ