Бельгия кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниетті

10.10.2019

Бельгиялық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы құйып, жаңа технологияларын енгізуге ниетті. Бизнес өкілдері ынта-ықыластарын Брюссельде өткен кездесу кезінде жеткізді. Кәсіпкерлердің басын қосуға еліміздің Бельгиядағы елшілігі мен экспорт және шетелдік инвестиция бойынша Валлония агенттігі мұрындық болды. Шараға еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев арнайы қатысып, шетелдік инвесторлардың талап-тілектерін тыңдады. 

Бельгия кәсіпкерлері осы уақытқа дейін ел экономикасына 7,9 млрд доллар инвестиция құйған. Өзара тауар айналымы былтыр 58 пайызға көбейіп, 455 млн долларға жетті. Екі елдің алып әлеуетін ескерсек, бұл теңіздегі тамшыдай. Сондықтан алыс-берісті арттыруға қос тарап та мүдделі. 

Роман Дюфрасн, кәсіпкер:

Біз арнайы құрылғының көмегімен медициналық қалдықтарды зарарсыздандырып, қайта өңдеумен айналысамыз. Осы уақытқа дейін ауруханалардан шыққан қалдықтар өртеліп келді. Бұл өте зиян. Ал, біз қоршаған ортаны ластауға жол бермейміз. Осы жаңа технологияны Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында енгізіп, Қазақстанға өз пайдамызды тигізсек деймін.

Бенуа Аутем, кәсіпкер:

Қазақстанда 2 млн адам аутоиммундық дертке шалдыққан. Бұл - адамның иммунитетін зақымдайтын ауру. Біз осы ауруды дер кезінде анықтайтын диагностикалық құрылғылар шығарамыз. Ол науқастың өмір сапасын жақсартып, тіпті, өмір сүруін ұзартуға көмектеседі. Жаңа технологияны Қазақстанда қазір тіркеуден өткізіп жатырмыз. Содан соң қазақстандық ауруханалар мен зертханаларға тасымалдауды бастаймыз. 

Қазір елімізде Бельгия капиталының қатысуымен 74 компания жұмыс істеп жатыр. Дені мұнай және газ, құрылыс, көлік, медицина салаларында. Кездесуде кәсіпкерлер Қазақстандағы тәжірибелерімен бөлісіп, талап-тілектерін жеткізді. 

Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Жаңадан шыққан дәрі-дәрмек болса, оны Қазақстанда дәлелдеу үшін бірталай уақыт кетеді. Рәсімдеу процедурасына 2 жылға дейін. Бельгияның кәсіпкерлері айтып отыр 2 жылдың арасында бірталай өзгерістер болып кетеді. Сондықтан рәсімдеу процедурасын жеңілдетсеңдер дейді.

Бельгиялық бизнесмендер Қызылордада күн электростанциясын салып, Оңтүстік Қазақстан облысында тоқыма өндірісін жандандыруға құлшынып отыр. Кәсіпті дөңгелетуге кесірін тигізіп тұрған кедергілерді жойып, инвесторлардың көкейіндегісін биліктегілерге жеткізуге вице-министр уәде етті.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу