Ақмола облысында 2 полиция полковнигі ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 2 полиция полковнигі ұсталды

04.10.2019

Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Асан Сәдуов пен Қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Сәуле Жұмалина ұсталды. Екеуі де полковник шенінде. Оларға Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-тармағы, яғни сенiп тапсырылған мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бойынша айып тағылуда. Қазір сотқа дейінгі іс жүргізу басталған. Қылмысты Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақмола облыстық департаментінің қызметкерлері әшкеріледі. 

Лауазымды тұлғалар жемқорлық әрекеттерін бір жыл бойы жүзеге асырып келген. Департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес күдіктілер жұмыстан шығарылған. Тергеу жалғасуда. Аталмыш бап бойынша күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 7 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу