«Валдай» клубының XVI отырысы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Валдай» клубының XVI отырысы қорытындыланды

04.10.2019

Кеше Ресейдің Сочи қаласында «Валдай» халықаралық пікірталас клубының он алтыншы отырысы қорытындыланды. Жиынға қатысу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы шақыртылған болатын. «Валдай» клубының жұмысына Қазақстан Президенті тұңғыш рет қатысып отыр. Биылғы қаузалған тақырып, «Шығыс таңы және әлемдік саяси құрылым»деп аталады. Қазақ Президенті пленарлық сессияда баяндама жасап, аймақтық дамудағы оң өзгерістер мен сын-қатерлері жайлы айтып өтті.

Жаһан халқының 60 пайызы Азияда қоныстанған. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21 осында. Өткен жылы ең табысты деп танылған 500 ірі компанияның 210-ы азиялық екен. Ғаламдық геосаясаттағы шығыстың рөлін осыдан-ақ бағамдай беріңіз енді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз исламдық, конфуциандық және шығысхристиандық өркениеттердің тоғысында орналасқанбыз. Біздің құрлықтағы елдер ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етіп отыр. «Азия ғасыры» дегеніміз, бұл – халықтың өсу қарқыны, жалпы ішкі өнім, сауда, өнеркәсіп және жоғары технологиялық өндіріс. 

Президент баяндамасында аймақ дамуындағы оң өзгерістермен бірге сын-қатерлерге де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қытай халқында «бір көрпенің астында жатса да, әртүрлі түс көреді» дейтін сөз бар. Сол секілді, әртүрлі альянстар, аймақтық және субаймақтық институттар «саясат көрпесін» өздеріне тартуда. Корей түбегі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль аймақтары, Иран мәселесі секілді қақтығыс ошақтары геосаясаттағы «баяу жарылатын минаға» айналып отыр.

Тілші: Мемлекет басшысы қақтығыстардың алдын алу үшін халықаралық ұйымдармен жүйелі жұмыс жүргізу қажет деп санайды. Астана процесінің аясында Таяу Шығыс, Сирия мәселелері бойынша өміршең шешімдерді қарастыруға әзір екенін мәлімдеді. Ауғанстандағы ахуалды да бақылауда ұстайды, қолұшын беруді жалғастырады. Қысқасы, Қазақстан әрқашан қарусыздану мен сындарлы дипломатияны жақтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің аймақтағы ортақ жұмысымыз терроризм және экстремизммен, ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз миграциямен, есірткі тасымалымен күрес болуы керек. Ал адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқарудың үздік үлгілерін енгізу, инновациялық мүмкіндіктерді жетілдіру, су ресурстарын тиімді әрі теңдей пайдалану – біздің жасампаздық жолындағы дамуымыздың басты бағдары болуы тиіс.

Тілші: Қауіпсіздіктің сан түрлі қатерін кешенді түрде шешу керек. Әйтпесе, «Азияның даму ғасырына» емес бүкіл ғаламға кесірі тиетін «Азияның күңгірт күндеріне» тап болуымыз мүмкін деді Президент. 

Шынар АСАНҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу