Елордада тұңғыш рет жас ұстаздарға арналған орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада тұңғыш рет жас ұстаздарға арналған орталық ашылды

03.10.2019

Елордада тұңғыш рет жас ұстаздарға арналған орталық ашылды. Бес қабатты ғимаратта тек жас мамандар ғана тұра алады. Әрі бұл жай ғана жатын орны емес, аға буыннан дәріс алатын, тәжірибе алмасатын, қатарластарымен ой бөлісетін, түрлі тақырыпты талқылайтын диалог алаңы. Жас мұғалімдер мекенін біздің түсіру тобымыз да көріп қайтты.

Елжас бүгін жұмыстан соң жалдамалы пәтерге емес, жас мамандарға арнап ашылған орталыққа келді. Ендігі оның тұрағы осы жер. Бұрынғыдай тапқан табысын пәтер жалдауға жұмсамайды. Жайлы орын, жылы жер, таза ғимарат өзі сияқты ұстаздық жолды таңдаған жас мамандарға есігін ашты.

Елжас Нұрахмет, Нұр-Сұлтан қаласының гуманитарлық колледж оқытушысы:

Осы 2 жыл барысында ары-бері көшіп, бізге де шын қиындық туындады. Бізге осындай әлеуметтік жағдайды жасағаннан кейін, біз, жастар тек қана жұмысқа ғана көңілімізді бөлеміз. Барлық білімізді оқушыларға көбірек беруге тырысамыз. Жұмысымызды неғұрлым жақсартуға тырысамыз.

Орталық 350 жас мұғалімді қабылдауға дайын. Бұл ұстаздардың үйі ғана емес, біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасатын, инновациялық білім беру жобалаларын талқылайтын орта. Мұғалімдер үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті, бос уақыттарын тиімді өткізудің түрлі тетіктері де қарастырылыпты.

Әнуар Жанғозин, Қалалық білім басқармасының басшысы:

Осы жерде тәжірибелі мамандар келіп, семинарлар өткізеді. Өзекті сұрақ бойынша пікір алмасады. Басқа да шаралар өткізетін болады. Бос уақытта мұғалімдер сабаққа дайындала алады.

Орталық тек отбасын құрмаған, жұмысқа енді кіріскен жас мамандар ғана тұра алады. Бастысы, бұл кадр тапшылығын шешуге зор ықпалын тигізбек. Өйткені жыл сайын Елордада 200-ге жуық мұғалім тапшылығы сезіледі. Ал биыл олардың саны екі есеге азайған. Өйткені бас қала үшін баспана басты проблема екені белгілі.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу