ҚазҰУ-да ҚР Тұңғыш Президентінің оқу залы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚазҰУ-да ҚР Тұңғыш Президентінің оқу залы ашылды

16.05.2016
ҚазҰУ-да ҚР Тұңғыш Президентінің оқу залы ашылды

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Тұңғыш Президент оқу залы ашылды.

Аталмыш жоғары оқу орны баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай залдың еліміздің үздік жоғары оқу орны қабырғасында ашылуы үлкен тәрбиелік мәнге ие. Себебі, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өмір жолы Отанға шексіз қызмет етудің жарқын көрінісі және жас ұрпақ үшін патриоттықтың нағыз үлгісі.

Зал қорының негізгі дереккөздерінің бірі - Президенттің жеке кітаптары мен ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарына арналған тарихи зерттеулерден тұратын материалдар. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаев және оның отбасы, оқушы және студенттік кезеңдері, еңбек жолы және қоғамдық-саяси қызметтері туралы суреттер, картиналар, архивтік құжаттардың көшірмелері, кітаптар, шығармалар мен видеофильмдер де кеңінен ұсынылған.

Сонымен қатар, қорда Президенттің өзі құрметті профессоры болып табылатын ҚазҰУ ұжымына арналған құттықтау хаттарымен және жолдауларымен де танысуға болады.

«Қазақстан Тұңғыш Президентінің оқу залы көпшілік оқырман қауымға арналып ашылған. Бұл Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаю тарихы бойынша ақпараттық қорды құру, үнемі толықтырып отыру және сақтауды  жүзеге асыратын ерекше ағартушылық орталық. ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасымен орнатылған ынтымақтастық нәтижесінде зал оқырмандарына оның санаулы материалдары да қолжетімді», - делінген хабарламада.

Хабарламаларға жазылу