Елордада дәрілік өнімдерді зерттейтін жаңа орталық ашылды

09.12.2019

Елордада тұңғыш рет дәрілік өнімдерді зерттейтін жаңа орталық ашылды. Енді дәрі-дәрмек құрамына қандай да бір күмәніңіз болса дәрігерге немесе Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданып, тексерте аласыз. Орталық мамандары жыл сайын 900-ден астам сынақ түрін жүргізуге қауқарлы. Бұл елімізде контрафактілік немесе жалған медициналық өнімдерді болдырмауға мүмкіндік бермек. Жаңа зертхананың ашылуына бас-аяғы 500 миллион теңге жұмсалыпты.

Дәрі-дәрмекті зерттеуге арналған бұл орталық – Қазақстандағы жетінші зертхана. Назарбаев университетінің жанынан ашылды. Аумағы 1500 шаршы метрді қамтиды. Зерттеу құрылғылары соңғы үлгіге сай. Егер шетелдік сарапшылардың сынағынан өтсе, халықаралық стандартқа сай болмақ.

Дәл осындай қондырғылар арқылы 907 сынақ түрі бойынша 7000-ға жуық зертханалық жұмыс жүргізу жоспарланған. Құрылғының қызметі өз алдына, сауатты маманның маңызы бөлек. Қазір мұнда ең білікті деп таңдалған 32 зертханашы жұмыс істейді. 

Еліміздегі 8000-нан астам препараттың 85 пайызы сырттан келеді. Сол себепті олардың сапасы мен құрамын қадағалау шарт. Жаңа орталық шекарадан асқан әр медициналық өнімді сараптайды. Сынайды. Стандартқа сай келмесе заң жүзінде шара қолданады.

Сынақ орталығы дәріханаларды жиі тексермейді. Өйткені, заң жүзінде шектеу қойылған. Ал дәріге көңілі толмаған жандар дәрігерге немесе медициналық ұйым қызметкерлеріне шағымдану арқылы құрамын тексерте алады.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу