Батыс Қазақстанда 800-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда 800-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген

26.09.2019

Батыс Қазақстанда 800-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген. Дені табысын түгел көрсетпеген, зейнет жасындағы ата-аналарын басқа жерге тіркеген, өтірік неке бұзған немесе алған несиесін жасырған. Олардан күні бүгінге дейін 4 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Тексеріс нәтижесінде 1600-ден аса отбасының алған көмегі қайта есептелді. Облыс бойынша 11 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Оларға 3,7 миллиард теңге төленген. Мәселен, Жаңақала ауданында бір отбасы былтыр «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алып, 17 сиыр сатып алған. Бірақ оны кіріс көзі ретінде көрсетпей, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырған.

Раушан Сатдықова, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

1,5 миллион теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған ол отбасыға. Бірақ тексеріс барысында ол отбасының жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 5 миллионнан астам табыс көзін көрген екен. Сол табыс көзін жасырып, көмекті негізсіз алғаны анықталды.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу