Президент Нью-Йоркте бірқатар екіжақты кездесулер өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Нью-Йоркте бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

24.09.2019

Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 74-сессиясы климаттық өзгерістердің алдын алу жөніндегі жиынмен ашылды. Еуропаны неге жыл сайын су басады? АҚШ неге дауылдан көз ашпайды? Африканың құрғақшылықтан құтылар күні бар ма? Нью-Йоркке дүниенің төрт бұрышынан жиналған жаһан жұрты осындай ортақ мәселесін ортаға салды. Ал қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір күннің ішінде бірнеше екіжақты және кеңейтілген кездесулерді өткізіп үлгерді.

 Нью-Йорк сапарының алғашқы күні. Президент таңғы асты америкалық саясат серкелерімен бірге отырып ішті. Іскерлік кездесудің мұндай түрі жақынырақ танысуға, қарым-қатынастың келешегін мамыражай отырып талқылауға мүмкіндік береді. Алпауыт АҚШ-тың Қазақстан экономикасына құйған қаржысы қазір 45 миллиард доллардан асып жығылады. Демек ең ірі инвестордың бірі деген сөз. Қасым-Жомарт Тоқаев Америка тарапымен экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Бұл Майкл Блумберг. Әйгілі Блумберг ақпарат агенттігінің қожайыны. 77 жастағы бизнесмен әлемдегі ең ауқатты адамдардың қатарында. Қазір жаһанда қаржы тақырыбында салмақты сараптамалар жасайтын, алпауыт екі агенттік болса, соның бірі осы Блумберг. Жекелеген кәсіпкерлер де, үлкен компаниялар да қаржылық кеңес алу үшін аталған агенттіктің ақпаратына сүйенеді. Президент Тоқаев, бизнесменді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық орнатуға шақырды. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен арадағы әңгіме дінаралық келісім жайында өрбіді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Өркениеттер Альянсымен ынтымақтастық орнатуға әрқашан дайын. Еліміздің делегациясы Альянс форумдарына тұрақты түрде қатысып жүр және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысын да үнемі қолдап келеміз. Діни ғибадат орындарды қорғау бойынша сіздер әзірлеген жоспардың іске асырыла бастағанына қуаныштымыз және қолдаймыз.

Мигель Анхель Моратинос, БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі:

Мен Қазақстанның мәдениет пен өркениетаралық диалогты дамытудағы еңбегін жоғары бағалаймын. Біздің ынтымақтастығымыз алдағы уақытта бұрынғыдай да беки түсеріне сенемін.

Американың бизнес капитандары да Қазақстанмен байланыс орнатуға бейіл. Арасында Amazon, Tyson Foods, «Джей Пи Морган» секілді алпауыттар бар.

Тимур Сүлейменов, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

Ерекше жобалардың бірі ауыл шаруашлығы саласында жүзеге асырылмақшы. Солардың бірі – ет өндірумен айналысатын ауылшаруашылық кешенін салу. Орталық Азияда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең ірі кешен болады. Оған 500 миллионнан 1,3 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция салынуы мүмкін. Қомақты инвестициядан бөлек жақсы технологиялар келеді. Бұл кешен мал өсіруден өнім өңдеуге дейінгі секторларды қамтиды. Оның өнімдерінің 70 пайызын экспортқа шығару жоспарланып отыр.

Мэтч Латинеч, кәсіпкер:

Біз обырмен күрес технолгиялары мен медициналық құралдарды жеткізуші ірі фирма саналамыз. Ғаламдық компаниямыз. Мақсатымыз рактың тамырына балта шабу. Мұндай технологияны Қазақстанға да әкелгіміз келеді. Ол турасында Денсаулық сақтау министрлігімен өзара түсіністік туралы меморандумымыз бар.

Айтпақшы, жиын алаңында еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің қазақстандық үлгісін таныстырды. Әлем басшылары алғашқы медициналық көмекті сапасын жақсартуды көздейтін Астана декларациясын бірауыздан мақұлдады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

Біз өзіміздің тәжірибемізді көрсетіп жатырмыз. Басқа да мемлекеттер АҚШ біздің алғашқы медициналық көмекті қаржыландыру туралы сұрап жатыр. Цифровизация бойынша көп сұрақтар келіп жатыр.

Шынар Асанқызы, тілші: 

Соңғы мәліметтер бойынша, халықаралық жиынға 97 мемлекет басшысы, 46 премьер-министр, 38 министр қатысуда. Демек мына алаңда осынша елдің бұқаралық ақпарат құралдары хабар таратуда деген сөз. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынның екінші күнінде БҰҰ мінберінен өзінің Президент ретіндегі алғашқы баяндамасын жасайтын болады. Бірақ әлемдік сарапшылар қазақ басшысының кезінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанынан, яғни ұйымның жұмысын, құрылымын егжей-тегжейлі білетінінен хабардар. Сондықтан оның бұл тәжірибесі биік мінберден салмақты ұсыныс айтуына көмектеседі деп санайды.

Шынар АСАНҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу