Bloomberg-пен байланыс артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Bloomberg-пен байланыс артады

24.09.2019

Әлемде қаржы тақырыбында салмақты сараптамалар жасайтын алпауыт екі агенттік болса, соның бірі Блумберг. Жекелеген кәсіпкерлер де, үлкен компаниялар да қаржылық кеңес алу үшін аталған агенттіктің ақпаратына сүйенеді. Іргесін 38 жыл бұрын Майкл Блумберг қалаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америка сапары барысында агенттік қожайыны Блумбергтің өзімен бетпе бет жүздесті. Майкл Блумбергті «Астана» халықаралық қаржы орталығымен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен де оңаша кездесіп әңгімелесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Өркениеттер Альянсымен ынтымақтастық орнатуға әрқашан дайын. Еліміздің делегациясы Альянс форумдарына тұрақты түрде қатысып жүр және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысын да үнемі қолдап келеміз. Діни ғибадат орындарды қорғау бойынша сіздер әзірлеген жоспардың іске асырыла бастағанына қуаныштымыз және қолдаймыз.

Мигель Анхель Моратинос, БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі:

Мен Қазақстанның мәдениет пен өркениетаралық диалогты дамытудағы еңбегін жоғары бағалаймын.Біздің ынтымақтастығымыз алдағы уақытта бұрынғыдай да беки түсеріне сенемін.


Хабарламаларға жазылу