Биыл белгілі қайраткер-журналист, реформатор-жазушы К.Қазыбаевтың туғанына - 90 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл белгілі қайраткер-журналист, реформатор-жазушы К.Қазыбаевтың туғанына - 90 жыл

23.09.2019

Биыл белгілі қайраткер-журналист, реформатор-жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына — 90 жыл. Осы атаулы датаға байланысты Алматыда алқалы жиын өтті. Қабырғалы қаламгердің мерейтойына орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Тағылымды кеште жазушының еңбек жолына арналған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақ журналистикасындағы шоқтығы биік Кәкімжан Қазыбаев білім алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен кешке зиялы қауым өкілдері мен туған-туыстары қатысты. Елге танымал тұлғалар жазушы туралы естеліктер айтып, өнегелі ғұмырынан сыр шертті.

Орынша Қарабалина, Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы:

Жазушылардың көпшілігі үйде отырып жазады. Ал бұл кісі от жұмысында жүріп, әрбір қаріп үшін жұмыстан кетіп қалатын жағдай болатын ол заманда. Сондай жұмыстарды атқарды. Ол кісі барлық жанрда жазған адам. Очерк те жазды, фельетон да жазды, рецензия да жазды.

Жазушы 1929 жылы 10 мамырда Алматы облысы, Сарқан ауданындағы бұрынғы Ағарту, қазіргі Кәкімжан Қазыбай ауылында туған. Қаламгер ұзақ жылдар республикалық газеттерде жауапты қызметтерді атқарған. Оның қаламынан туған көптеген мақалалар мен очерктер, көркем әдеби және публицистикалық туындылар оқырманның жоғары бағасын алған. Мәселен, «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік», «Аманат», «Қышыма» атты романдары мен повестерін жұртшылық әлі күнге дейін іздеп оқиды.

Сұлтан Оразалин, Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: 

Оның романдары көп шығармалардың бірі емес, бірінен бірі өткен нағыз көркем туындылар. Осылайша, өзінің жан қиярлық еңбегіменен, үлкен парасатымен, үлкен азаматтығымен, бүкіл өмір жолында адалдық пен азаттықтан бойын суытпай, жолынан таймай өткен аса ірі тұлғалардың бірі.

Қаламгер орыс тілінде «Изморозь», «Наказ», «Советский Казахстан» және «Қара сел» атты үш актілі пьеса жазған. Баспасөз беттерінде оның 100-ге жуық мақаласы жарық көрген. «Ол проблемалық мақаланы жазып қана қоймай, сол мәселені соңына дейін жеткізетін еді. Жұмысы нәтижелі болды. Қылышынан қан тамған Кеңес заманында ұлт үшін шырылдаған қазақ зиялысы болған. Сондықтан мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың қазақ қоғамы мен руханиятына сіңірген еңбегі орасан», - дейді зерттеушілер.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу