Хамза Әбілғазиннің туғанына биыл 100 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хамза Әбілғазиннің туғанына биыл 100 жыл толды

05.12.2019

Қазақстандағы алғашқы телеарнаның жетекшісі болған Хамза Әбілғазиннің туғанына биыл 100 жыл толды. Тау тұлғаның есімі отандық телеарна тарихымен тығыз байланысты. Ғұмырында талай талантты жастарды тәрбиелеп, қаламы қарымды журналист етіп шығарған ұлағатты ұстаз. Тағдырдың тауқыметін тартқанымен, сағы сынбаған атпал азамат ақтық демі қалғанша қазаққа қарайласумен болған.

Хамза Әбілғазин 1919 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауылында туған. 20 жасында Отан соғысына аттанып, 1946 жылы елге оралған. Ол министрлер кеңесінің мәдениет саласында абыройлы қызметтер атқарған. Бала кезінен білімге құштар, зерек, кітап құмар болған. Өскенде ұстаз болуға ынтыққан азамат ең алғаш Абай атындағы педагогикалық институтта білім алды. Осыдан кейін журналистика факультетін тәмамдаған.

Хамза Әбілғазин 1958 жылы ашылған қазіргі «Қазақстан» телеарнасы, бұрынғы Алматы телестудиясына мәдениет саласының білікті маманы ретінде басшы болып тағайындалған. Осылайша, қазақ телевизиясының қалыптасып, қанаттануына тың серпін берген қайраткер.

60 жыл өнегелі ғұмырында 100-ден астам фильмді қазақша сөйлетіп, бірнеше бағдарламаны көрерменге тарту еткен. Тіпті, қазақ дубляжының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан азамат. Былтыр қайраткердің құрметіне өзі қызмет атқарған Ұлттық арна ғимаратында ескерткіш тақта орнатылды. Сондықтан абыройы асқақ, талайға үлгі болған тұлғаның есімін ел жадынан шығармайды.

Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ


Хабарламаларға жазылу