Қазақ ұлттық университетінде Шерхан Мұртазаға арналған оқу-тәжірибе дәрісханасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ұлттық университетінде Шерхан Мұртазаға арналған оқу-тәжірибе дәрісханасы ашылды

05.11.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері – Шерхан Мұртазаға арналған оқу-тәжірибе дәрісханасы ашылды. Сондай-ақ жазушы-журналистің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, халықаралық конференция өтті.

Қазақ журналистикасының наркескені – Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл. Осындай айтулы датаны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы бар сән-салтанатымен атап өтуді жөн көрген. Оған айқын дәлел, жазушының өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін мына аудиотория. Жаңадан ашылған оқу-тәжірибе дәрісханасында алдағы уақытта шәкірттер шеберлігін шыңдап, журналистика саласының қыр-сырын меңгереді.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осындай тұлғалардың мерейтойына мән беруі университет тарапынан, басшылығы, факультет қызметкерлері тарапынан сондай әділетті қадам деп ойлаймын. Біз журналистикаға еңбек сіңірген адамдарды дәріптеу арқылы, насихаттау арқылы журналистиканың рөлін көтереміз. Қазақ журналистикасының бүгінге шыққан биігіне есеп беріп, болашағын бағалай аламыз.

Шерағаның белгілі ақын, жазушы, мемлекет қайраткерлерімен және отбасы мүшелерімен түскен суреттері, жазған кітаптарының мұқабалары көрме ретінде жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ халықаралық деңгейде арнайы конференция ұйымдастырылып, белгілі отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Абдуллажан Ахматалиев, Қырғыз ұлттық ғылым академиясының академигі:

Шархан аға біздің Қырғыз Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер. Оны біз жақсы танимыз. Қырғыз оқырмандары да жақсы таниды. Бір кем дүние деген философиялық шығармасын оқып шықтым. Бұл енді тәлім тәрбиесі зор шығарма екен.

Шерхан Мұртаза тек қырғызстандық оқырмандарға ғана емес, Түркия, Өзбекстан және Ресей халықтарына танымал жазушы. Оның «Қызыл жебе» роман-эпопеясы жуырда түрік тіліне аударылған. Тағы бірнеше шығармасы орыс және өзбек тіліне тәржімаланып жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу