Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде тұрған әйгілі тайқазанның құйылғанына-620 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде тұрған әйгілі тайқазанның құйылғанына-620 жыл

23.09.2019

Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде тұрған әйгілі тайқазанның құйылғанына -620 жыл. Ал Эрмитаждан тарихи орнына қайтарылғанына тура -30 жыл. Осыған орай «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Қайта оралған жәдігер атты» көрме ашылды. Алты ғасырлық тарихы бар алып қазан туралы осы өңірдегі тілшіміз Гүлжазира Ғалиқызы айтады.

Түркістаннан 25 шақырым жерде Қарнақ деген ауыл бар. Қасиетті тайқазан сол ауылда ирандық Әбдул Әзиз Шарафаддин Тебризидің ұстаханасында құйылған. Жеті түрлі металдың қоспасынан ең құнды дүниені жасаған шеберлердің ұрпақтары әлі сонда тұрады.

Надыр Арзуматов, Қарнақ ауылының тұрғыны:

Бұл қазанның тарихы өте мол. Дүние жүзі біледі. Қазанды қарнақ халқы құйған.

Ішіне 3 мың литр су сиятын алып қазанның сыртында үш қатар жазу бар. Алғашқы қатарда Құранның Тәуба сүресінің 19- аятынан үзінді Пайғамбарымыздың: «Кімде- кім Алла тағала үшін су қуятын ыдыс жасаса, жұмақта оған арнап хауыз дайындайды»,- деген хадисімен жалғасып кеткен. Сондай-ақ «Әлемдегі шайхтардың сұлтаны Ахмет Яссауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйырғымен жасалған»,-дей келе, «жиырмасыншы шәуәл, 801 жыл»,- деп уақытты айшықтаған. Бұл біздің жыл санауымызша, 25- маусым 1399 жыл деген сөз. Тайқазанның авторы өз аты- жөнін жазуды да ұмытпапты..

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Мына суретте тайқазанды Санкт-Петербургке әкетіп бара жатқаны бейнеленген. Бұл 1935 жыл. Сол жылы Иран шеберлерінің III Халықаралық көрмесіне қоямыз деп алып кетеді. Сол кеткеннен, мол кетеді. Қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының құты, киесі саналатын қазанды қайтару үшін Өзбекәлі Жәнібеков секілді ұлт жанашырлары көп тер төкті. Осылайша, араға 54 жыл салып, 1989 жылдың 18 қыркүйегінде қасиетті қара қазанымыз қайта оралды.

Тайқазанды алып келген топтың ішінде шебердің ұрпағы Дадажан Жамалов та болды. «Салмағы 2 тоннадан асатын алып қазанды Эрмитаждан алып шығу оңай болмады»,- деп еске алады.

Дадажан Жамалов, Қарнақ ауылының тұрғыны:

Өте қатты қиындықтарға душар болдық. Бір кран алып келдік, симады. Екінші кран әкелдік болмады. «Астория» деген гостиницаа істеп жатқан фин жігіті келіп, «Вольво» деген кранымен біздің көлігімізге салып берді.

Осы тарихи сәттің дәлелі -мына фоталар. Тайқазанды қайтарған жігіттердің қуанышы қойнына симай тұрғаны сапасыз, ескі суреттің өзінен- ақ сезіліп тұр. «Қайта оралған жәдігер» көрмесіне осындай 50 шақты фото қойылған.

Нұрболат Ахметжанов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

Көрме 1 айға жалғасады. Енді кесенеге келушілер тайқазанның тарихына қанығып қана қоймай, «қайта оралған жәдігердің» шетелдік саяхатшылардың альбомынан алынған фотоларын, Эрмитаж музейінде тұрған кездерін және де қорық музейдің ұйымдастыруымен жылда өтетін «Тайқазан» спорттық жарыстарының естеліктерін тамашалай алады.

Гүлжазиар ҒАЛИҚЫЗЫ 


Хабарламаларға жазылу