Атырауда ауыл әйелдерінің форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда ауыл әйелдерінің форумы өтті

23.09.2019

Атырау облысында іскер әйелдердің қатары көбейіп келеді. Бүгінде өңірдегі кәсіпкерлердің тең жартысы- нәзік жандылар. Әйелдер қауымы әсіресе ауыл шаруашылығы саласында белсенді. Атырауда ауыл әйелдерінің форумы өтті. Жиынның нәтижесінде өз кәсібін ашам деген бір топ іскер жанға арнайы гранттар бөлінді. 

Көк шелегін алып, ала таңмен сиырын саууға асыққан Кенжегүл үшін бүгін ерекше күн. 4 баланың анасы . Тұрақты кәсібі жоқ. Алайда, ауылында өтетін форумнан күтері мол. Бір істі бастауыма себепкер болар деген үмітпен, күйбең тірліктен қол үзіп, жиынға әдейі келді.    

Кенжегүл Қонысбаева, Сарытоғай ауылының тұрғыны:

Бұл форумға мен бірінші рет келіп тұрмын. Жақсы жетістіктерді айтып жатыр. Ауыл әйелдеріне көмегін тигізіп, жеңілдікпен пайызсыз несиелер беріп. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту керек. Соларға атсалысуға тырысамыз. 

Аймақтағы нәзік жандылар қауымы қай салада болсын белсенді. Мәселен, өңірдегі 50 мыңға жуық кәсіпкердің 50 пайызын әйелдер құрайды. Ал, агроөнеркәсіп бағытында 163 қыз-келіншек түрлі қожалыққа ие болып отыр. Бұл көрсеткішке жетуде ауыл әйелдерінің еселі еңбегі бар.  

Толқын Бейісқали, Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы:

 Ана ретінде үйдің тіршілігінде ғана емес, қоғамдық өмірге араласып, саясатқа араласып, «Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген қанатты сөздің шынайылығына көрсетіп жатыр.

Ауқымды шара осымен сегізінші өңірде өтуде. Форумда көтерілеген ұсыныстар жерде қалмайды. Оның дәлелі, бұған дейін 30-ға жуық әлеуметтік жоба жүзеге асты.   

Салтанат Рахымбекова, «Жасыл экономика және g-global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы:

Осындай форумдарға әр өңірлерден 200-300 әйел қатысып отыр. Кеңінен тақырыптарды талқылай отырып, ұсыныстарды тізбелей отырып, біз оны мемлекеттік органдарға әлбетте жіберіп отырмыз. Жуырда ең беделді әрі табысты 100 ауыл әйелі туралы кітап жарыққа шағады. Бұл – ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған оң істердің бір парасы ғана.     

Ауыл әйелдері - бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Олар әр саладағы озық әдістерді меңгеріп, күнделікті өмірінде немесе кәсібінде қолдануы шарт. Өткізілген форумның негізі де осында.Байқағанымыз, ауылдық нәзік жандылар бизнес жоспар құруға ниетті. Өйткені, форум ұйымдастырушылары, үздік әлеуметтік жобаға 4 мың долларлық грант бермек.

 Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу