Осы аптада Президенттің қызметіне кіріскеніне 100 күн толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президенттің қызметіне кіріскеніне 100 күн толды

22.09.2019
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесті. 
Ли Чжаньшу Қазақстан Президентіне құрмет көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сәлемін жеткізді.
«Төраға Си Цзиньпин Сізді мемлекетті басқару ісінде өз көзқарасы бар, өзара қарым-қатынасымыздың стратегиялық маңызын терең түсінетін, тәжірибесі мол саясаткер ретінде жоғары бағалайды. Сондықтан екі елдің көшбасшылары арасында өте маңызды келіссөздер өтті. Сіздің еліңіз бізге жақсы дос, Сіз де байланыстарымыздың дамуына зор үлес қосып отырсыз», - деген Ли Чжаньшу.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы егемендік құқықтарды өзара құрметтеуге, айнымас халықаралық қағидаттарға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамуға негізделген достық байланыстарды атап өтті.
«Шын мәнінде, біздің елдер арасындағы қарым-қатынас жөнінде маңызды, іргелі келісімдер жасалды. Біздің елдеріміздің қарым-қатынасы мәңгілік стратегиялық сипатта»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин де кездесті.
Осы аптада Президенттің қызметіне кіріскеніне 100 күн толды.
100 күнге орай біз тоқталатын деталь, баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, Президент бір уақытта бірнеше кітапты оқи береді.
Мемлекет басшысының жұмыс столында жатқан бірнеше тілдегі кітаптардың арасында Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» бар екен.
 Ал Нұрлытай Үркімбайдың «Құтты білік» жайлы «Түркі әлемінің «Хас хажибі» мақаласында нақты мысалдар келтірген: «Ей, әкім! Халықтың сенде үш түрлі ақысы бар. Сен олардың сол ақысын төле. Сөйтіп өз жаныңды жәбірден азат ет. Оның біріншісі-ақшаның нарқын көтеру яғни ақша құрамындағы алтын мен күмістің үлесін арттыру және оның төмендеп кетпеуін қадағалау. Екіншісі: ел үшін пайдасы зор әрі сенімді, берік те әділ заңдар шығар. Халық сенен осындай әрекеттер күтеді. Үшіншіден: ел ішін және жолдарды қарақшылар мен кісі өлтірушілерден тазала. Ел тыныштығын қамтамасыз ете біл».
Ал жоғары атқарушы биліктегі ауыс-түйіске келсек, қайталаудың қажеті жоқ шығар, олардың Twitter парақшасында сипатталғанына орай, олар да «Құтты білікті» оқыған немесе оқиды деген ой келеді.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069—1070 жж. Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Дастаннан тағы бір үзінді:
Түзетемін десең бәрін, біле бер,
Өзіңді-өзің түзе, халқың түзелер.
Ел пайдасын, ішіңменен түсін де,
Өз пайдаң бар ел пайдасы ішінде.
Дегенмен біздің уақытта тіршілігі мамыражай мемлекет деген... Кеше полицейлер Парижде өткен «сары жилеттердің» наразылық акциясына қатысқандардың 137-сін тұтқындап, шерушілерді қуып таратты. Тіпті көз жасауратқыш газ қолданды. Шараға демонстранттардан көп, яғни жеті жарым мың полиция қызметкері қатысты.
«Сары жилет кигендер» қозғалысы жанар-жағар май бағасының өсуіне байланысты былтыр қарашада басталған болатын. Апта сайын өткен наразылық шеруі көктемге дейін ұласқан.
«Сары жилеттілер» президент Эммануэл Макронды қарапайым азаматтардың мүддесіне бей-жай қарайды деп жазғырады. Олар Макронды кейбір салық түрлерін қысқартуға және билікті орталықсыздандыруға байланысты біраз шараларға келісуге мәжбүр етті.
Гонконгте де кезекті наразылық шеруі өтті. Полиция онда да көз жасаурататын газ қолданды. Шеруге қатысушылар бұл жолы да Қытайдың арнайы әкімшілік ауданының басшылығына көңілдері толмайтындарын жеткізді. Акция Гонконгтың батысындағы Туен Мун ауданында өткен. Шерушілер қоқыс жәшігін жаққан, жанғыш сұйығы бар бөтелкелер лақтырған.
 Шеру кезінде Туен Мун ауданындағы дүкендер жабылып, стансадағы вандализм салдарынан пойыздар тоқтаған.

Хабарламаларға жазылу