Елбасы «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысымен танысты

13.09.2019

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы жаһанның беделді қаржы орталықтарымен берік байланыс орнатып, өзіне деген сенімін күйшейту керек. Бүгін «ЭКСПО-2017» көрмесінің мұралары және «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығының жұмысымен танысқан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, осылай деді. Елбасыға орталықтың құқықтық жүйесін дамыту бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат ұсынылды.

Бүгінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығына әлемнің 26 елінің 250 компаниясы тіркелді. Мұнда инвесторларға қажет реттеу жүйесі мен жаһандық деңгейдегі инфрақұрылымның барлығы жасалған. Елбасына АХҚО Соты, Ағылшын құқығы академиясы, Халықаралық төрелік орталығының қызметі туралы мәлімет берілді.

Қайрат Келімбетов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басшысы:

100 нақты қадам ұлт жоспарында айтылған тапсырмаға сәйкес біз барлық талаптарды орындадық. Тек инвестициялық бағыттағы біркелкі заңнамалардың қабылдануын күтіп отырмыз. Ол қазір Парламент қарауында. Орталықтың арбритажды соты алғашқы істі қарап үлгерді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаржы орталығы Биржасының негізгі акционерлерімен кездесуінде инвесторлардың маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы:

Жекешелендіру жоспарын АХҚО Биржасы арқылы іске асыруды жалғастыру қажет. Әрине әлемдік нарық ахуалын ескерген жөн. Сонымен қатар әлемнің халықаралық қаржы орталықтарының АХҚО-ға деген сенімін күшейту керек. Ұлттық экономикаға тартылатын қаржы ресурстарының мөлшері осыған байланысты.

Елбасы экономикалық өсімнің жоғары қарқынын жоғалпай алға жылжудың негізгі тетіктерін тілге тиек етті. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарар рөлі зор.

Д.НУРКИН


Хабарламаларға жазылу