Ресейдің 40 шақты қаласында оппозиционер Алексей Навальныйдың жақтастарына қарсы рейд жүргізіліп жатыр. Тексерістер олардың үйлерінде де, кеңселерінде де өтуде. Тергеушілердің айтуынша, Навальный басқаратын «Жемқорлықпен күрес қоры» үшінші тұлғалардан шамамен 1 миллиард рубль алған. Қомақты қаржы қылмыстық жолмен табылса керек. Кейін бұл ақша қордың жұмысын қаржыландыруға жұмсалған. Дегенмен Навальный өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып отыр.
Айта кетсек, шілдеден бері Мәскеу қалалық дума сайлауынан шеттетілген оппозициялық үміткерлер мен олардың жақтастары жаппай наразылық шерулеріне шықты. Ал қыркүйектің 8-де өткен сайлау қорытындысы бойынша биліктегі «Единая Россия» партиясы депутаттық орындардың үштен бірінен айрылып қалған. Сондықтан Навальный күштік құрылымдардың қысымына қарамастан, Кремльге қарсы саясатын жалғастырудан тайынбайтынын ескертіп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ