Алматыда 1 сынып оқушысы мектептің 2 қабатынан құлап жарақат алды

11.09.2019

Алматыда 1 сынып оқушысы екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Түрлі жарақат алған бала жедел ауруханаға жеткізіліп, қазір травматология бөлімінде емделіп жатыр. Кейін анықталғандай, оқушы сыныпта жалғыз қалып қойған. Ал мұғалім сабақ біткен соң партаның астына жасырынған баланы байқамай, есікті сыртынан кілтпен жауып кетіпті.  

Оқушының ата-анасы ешкімді кінәламайтындықтарын айтты. Өздері де осы мектепте оқыған әрі мұғалімдерді де жақын таниды екен. «Арыз жазбаймыз, бала толыққанды ем алып болған соң мектепке қайта барады», - дейді олар.

Виталий Кравченко, оқушының әкесі: 

Жағдайды естіген кезде мен жұмыста болдым. Бірден осы жерге келдім. Рас, қателік болған. Бірақ мен ешкімді кінәләмаймын. Барлық адамда қателік болады ғой. Кез келген адам көшеде кетіп бара жатып, қол-аяғынсындырып алуы мүмкін.

Ал бала ауруханаға жеткізілгеннен кейін жан сақтау бөлімінде бір тәулік жатқан. Бүгін травматалогия бөлімшесіне ауыстырылған. Дәрігерлердің сөзінше, оның жағдайы орташа. 

Дінмұхамед Рузуддинов, Балаларға жедел жәрдем көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары: 

Диагноз қойылды. Қосарланған жарақат. Бас миының шайқалуы. Екі қолының сынуы. Іш пердесінің соғылуы деген диагноз қойылып, кешежан сақтау бөліміне бір күн жатты. Баланың жағдайы қазір орташа. Тамағын ішіп жатыр, емін қабылдап жатыр.

Ал оқиға болған мектептің директоры осы жағдайдан кейін мұғалімдерге қатаң сөгіс жариялаған. «Дегенмен ұстаздарды ғана жазғыруға болмайды. Баланыңда кінәсі бар», - дейді ол. 

Әйгерім Баекенова, №80 жалпы білім беру мектебінің директоры: 

Алты жастан келіп отыр мектепке. Жаңадан келіп жатыр. Мүмкін бұлар мұғалімнің қауіпсіздік туралы айтқанын түсінбейтін шығар. Түсінбейді ғой кішкентай балалар. Бұл жағдайларды да ескерттік. Және мен мұғалімді қорғап отырған жоқпын. Өйткені мұғалімнің 8 жылдық өтілі бар.

Мектеп басшысының сөзінше, осы жағдайдан кейін қауіпсіздік ережелері қатаң қадағаланып, мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілмекші. Ал қазір травматалогия бөлімінде ем қабылдап жатқан оқушы бір аптада толық сауығып, оқуын жалғастыратындығын дәрігерлер мәлімдеді . 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу