Биыл Қазақстанда түсірілген 43 телесериал көрерменге жол тартады. Бұл туралы Astana Media Week апталығына қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Киноөнімдерді түсіру көрсеткіші 2016 жылдан бері 3 есеге өскен. Медиа апталыққа 50-ден астам продакшн компания, ақпарат саласында жүрген танымал тұлғалар, шет елдерден келген қонақтар қатысып жатыр.
Білікті мамандар ақпарат жинау және тарату, көрермендердің сұранысын қанағаттандыру, режиссерлік көзқарас секілді түрлі бағытта тәжірибелерімен бөлісіп, семинар-тренингтер өткізді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Astana Media Week диалог алаңындағы негізгі мақсаттардың бірі - сіздер бір-бірлеріңізді танып, біліп, пікір алысса деген ниет. Осылайша еліміздің медиа саласын әр тараптан емес, ортақ мүдде аясында дамытсақ деген тілек. Бұл ауқымды шараның көздеген тағы бір мақсаты - ел тұрғындарының медиа сауаттылығын арттыру.
Шараның алғашқы күні телесериалдар мен киноөнімдердің бүгіні мен ертеңіне, саладағы шешімін таппаған мәселелерге арналды. Әсіресе, отандық өнімдерді шет елдерге сату, нарықты кеңейту мәселесі көтерілді. Әзірге өз өнімін шекара асырып жатқан ең ірі компания - «Қазақстан» РТРК АҚ.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасы:
Соңғы 5 жылда біз 10 елге 38 сериалымызды саттық. 10 жыл бұрын сериал түсіру үшін 1 компанияны әрең көндірген едік. Ал қазір ше? Осы салада жүрген ірі компаниялар өте көп. Фильмдердің сапасы да жақсы. Қазір алғаш рет детектив жанрындағы сериал түсіруді де қолға алдық.
Оңғар Алпысбайұлы