Бір топ жолсерік өздерінен ай сайын «сауын» жиналатынын айтып шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір топ жолсерік өздерінен ай сайын «сауын» жиналатынын айтып шағымданды

05.09.2019

Қостанайда бір топ жолсерік, пойыз басшылары өздерінен «сауын» жинайтынын айтып шағымданды. «Бұған келіспегендер жұмысымен қош айтысуға мәжбүр» - дейді олар. Тіпті әр вагонға белгіленген сома да бар. «Сауынды» төлеу үшін жолсеріктер билетсіз жолаушыларды мінгізуге мәжбүр. Ал бұл заңсыз әрекетін тексерушілер әшкере қылса, «сауынды» сұраушылар емес, төлеушілер, яғни жолсеріктер жазаланады. Бірақ қарсы тарап, әрине, бұл уәжбен келіспейді. Теміржолдағы түйткіл жайлы әрі қарай Дәуренбек Әбдібек баяндайды.

Жолсеріктер ұялы телефонға түсірген мына қағазды өздері «жүгіртпе» деп атайды. Мұндағы алғашқы сан вагонның нөмірі, келесісі сол вагоннан алынуы тиіс ақшаның көлемі. Яғни жиырмасыншы вагоннан бір бағытқа барғанда 1500 теңге төленуі тиіс. Әрі қарай солайша кете береді.

 Жасқайрат Гутов, жолсерік:

 Мұндағы кесте былай, біз жолға шыққанда билетсіз жолаушылар мінгіземіз, сосын жолда ол ақшаны басшылармен бөлісеміз. Келгесін әрі қарай жұмыс істеу үшін тағы пойыз басшысына береміз. Егер билетсіз жолаушы алғанымыз әшкереленсе, жұмыстан қуылатын тағы біз.

Ал жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорын басшысы мұның бәрін шағымданушылар ойдан шығарып отыр дейді. Яғни ешқандай «сауын» жиналмайды, керсінше пойыз басшылары заңсыз адам тасымалының жолын кесуге тырысады екен. Жол үстіндегі былық жайлы жарияға жар салғандардың жуырда вагонға билетсіз адам мінгізгені әшкерленіпті. 

Владимир Рожков, «Түркісиб – Астана» ЖШС директоры:

Қарағанды облысы бойынша көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері біздің составтың 3 вагонында 5 адам билетсіз келе жатқанын анықтаған. Енді осы пойыз қайтып келе жатқанда Жасқайрат Гутов деген жолсеріктің тағы үш адамды билетсіз мінгізгені әшкереленіпті. Билетсіз жолаушы алғандарды біз жұмыстан шығарамыз. Аты аталған азаматтың алдын-ала шу шығарып жүргені сондықтан деп ойлаймын.

Жыл басынан бері бұл кәсіпорында билетсіз жолаушы мінгізіп жолақысын өз қалтасына басқан 6 жолсерік қызметінен кетіпті. Серіктестік директоры осылай дейді. Ал шағымданушылар «заңды аттауға итермелейтін басшылар» екенін айтады. Олар бұл жайдан құзырлы орындарды да хабардар ету үшін ұжымдық хат жазбақшы.  

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу