Өмірін спортқа арнаған Жансақаловтар отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өмірін спортқа арнаған Жансақаловтар отбасы

05.09.2019

Тату-тәтті отбасы болу да - бір бақыт. Республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық жеңімпазы Жансақаловтар отбасы Байзақ ауданы Абай ауылында тұрады. Үрім-бұтағымен спорт саласында тер төгіп жүрген әулеттің өнегесі көпке үлгі. 

Ілияс Жансақалов бүгінде өзін ерекше бақытты сезінеді. Аядай ауылдан талай чемпионды шығарған жан бүгінде елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушысы. Ол өз балалаларын да осы спорт түріне баулыған. Қол күресінен ел біріншілігінде талай топ жарған қос ұлы қазір әке жолын жалғастырып келеді. Тәжірибелі бапкер «баланы тал бесіктен тәрбиелеп, спортты сүюді отбасында үйрету керек»- дейді.

Ілияс Жансақалов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

Ат үстінде аударыспақ болатын болса, ол столдың үстіндегі аударыспақ сияқты. Күштілік, ептілік, төзімділік, шыдамдылық сияқты элементтер біздің елімізге сай, халқымызға сай, генімізге осы спорт қатты келетіндіктен осы спорт түрін таңдадым.

Халықаралық дәрежегі спорт шебері Сарыкемер ауылындағы №2 спорт мектебінде еңбек етеді. Білмегенге білгенін үйретіп қана қоймай іс-әрекетімен де үлгі болу - Ілияс ұстаздың басты қағидасы. Ол таңның атысынан қара кешке дейін балалармен жүріп, жаттығу жасаудан жалықпайды. Әке өнегесінен үлгі алған ұлдары да спорт саласында жемісті еңбек етуде.

Ақниет Жеңісбай, Ілияс Жансақоловтың ұлы:

Ең бірінші еңбек бұл жерде. Өнерпаздар айып жатады ғой талант керек деп. Бізде талант деген жоқ, әркез еңбек. Кішкентайымыздан сол мал бағып, жылқы ұстап, кішкентай кезіңнен бастап еңбек еткенің күш береді адамға. Біз әкемізден үлгі аламыз. Әкеміз бізге талмай еңбек етуді үйретті. 

Жансақаловтар отбасы спорттан бөлек жылқы шаруашылығына да бейім. Отбасы мүшелерінің басы мерекелерде ғана емес осындай берекелі істерде де қосылады. Қара шаңырақтың төрінде ілулі тұрған көптеген алтын медальдар жылдар бойы жиналған. Оның әр бірінде Жансақаловтар отбасының маңдай тері бар екенін аңғарасыз. 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу