Елімізде ұсақ және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан 3 жылға босатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ұсақ және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан 3 жылға босатылады

02.09.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында Үкіметке осындай тапсырма берді. Бұл бастама 2020 жылдың қаңтар айынан бастап заңды күшіне енеді. 

Бизнеске қатысты тағы бір аса маңызды, әрі жағымды жаңалық. Атап айтқанда, жұмыс берушінің жұмысшыға қосымша 5 пайыз зейнетақы аудару міндеттемесі 3 жылға кейінге шегерілді. Яғни, 2023 жылға дейін. Мұның барлығы - еліміздегі бизнесті барынша қолдау және одан әрі дамыту үшін жасалып жатқан шаралар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Еліміздің экономикасы әлемдік сипаттағы күрделі қиындықтарға қарамастан дамып келеді. Биыл оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға дейін тіпті одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады. 

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Осы ретте ауыл-аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беруді ескертті. Оның ішінде көпбалалалы жанұялардың отбасылық бизнесін дамытуға көңіл бөлінбек. Ең бастысы, шағын бизнеске бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын және қажетті бағыттарға бөлінуін атқарушы билікке қатаң тапсырды.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу