405 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

405 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

02.09.2019

Биыл елімізде мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған оқушылар саны - 405 мың. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 25 мыңға көп. Сондықтан орын тапшылығы, үш ауысымды мектептер проблемасы әлі де өзекті. Түйткілдің түйінін тарқату үшін мемлекеттің қолдауымен жыл сайын ондаған жаңа оқу орны бой көтереді. Биыл да білім күні елордада су жаңа мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты. Салтанатты шараға Премьер-Министр Асқар Мамин арнайы барды.

Бұл - елордадағы кезекті заманауи жаңа оқу орындарының бірі. Үш ауысымды екі мектептің проблемасын шешіп отыр. 1Мың оқушыны қабылдауға дайын.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: 

Цифрландыру мен жасанды интеллектің әсерінен бүгінде көптеген мамандық жойылып, орнына жаңасы пайда болады. Сондықтан сіздер заман талабына сай болуларыңызк керек. Біз сіздерге сенім артамыз. 

Оқу орнына Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Абай ілімі интерактивті тақта арқылы үйретілетін Абайтану сыныбы да ашылған. Аптасына бір рет оқушылар осы жерден арнайы білім алады. Бұдан бөлек, бас ақынның мұражайы да бар. 

Айгүл Жолдықараева, қала тұрғыны: 

Мына мектеп салынбағанда балаларымызды алысқа апарып, қиналатын едік. Мінекей, жанымыздан табылып, қуаныштымыз ата-аналар. Көп рақмет айтамыз. 

Биыл алғаш рет Үкімет мүшелері 1 қыркүйектегі салтанатты шараға қатысты. 16 министр 19 мектепке барды. Әсіресе, ауылдық мектептерге басымдық беріліп, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап қайтты. 

Жалпы, биыл елімізде 3 млн 200 мың оқушы жаңа оқу жылына барды. Ал алғаш мектеп табалдырығын аттағандардың қатары 25 мыңға артқан. Сол себептен орын тапшылығы мәселесін шешу шұғыл қолға алынуда. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: 

Үш ауысымды мектептердің саны - 128. Биылғы жылдың өзінде біраз мектептер салынып, беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 150-ден астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. 

Ал биыл 4, 9, 10 сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнына көшті. Оқулықтарға мәселесі де толық шешілген. 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу