Ұлттық арнаның түсіру тобы бүгін бірнеше шет мемлекеттерден де хабар таратып жатыр. Мәселен, Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы, қазір Мәскеу қаласынан тікелей байланысқа шығады. Нұртас, шетелдегі ең үлкен сайлау учаскесінің Ресейде орналасқанын білеміз. Ендеше Мәскеудегі саяси науқанның қалай өтіп жатқанын, қандай ерекшеліктері бар екенін айтып берсеңіз. Сіз эфирдесіз.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Рахмет Гүлназ! Қайырлы кеш, қадірлі ағайын. Қазақ елінің болашағына шетте жүрген азаматтарымыз бей-жай қарамайды. Сондықтан болар, Мәскеудегі №265-ші сайлау учаскесіне келіп жатқан адамдардың қарасы қалың.
Бүгін, Ресей астанасында 31 градус ыстық. Бірақ соған қарамастан, Елшілікке ағылған жұрт кезекке тұрып, дауыс беріп жатыр. Өз таңдауын жасап жатқан адамдардың арасында жастар да, жасы егде тартқан адамдар да, тіпті кішкентай баласын жетектеген сайлаушылар да бар. Ендеше сондай адамдардың бірімен болған сұхбатты, қазір мүмкіндік болса режиссерлар назарларыңызға ұсынады.
Гүлмира Мұқанова, сайлаушы:
Бүгін біз отбасымызбен, көтеріңкі көңіл-күймен, ең әдемі киімдерімізді киіп, осы ыстыққа қарамастан, өзіміздің азаматтық борышымызды орындау үшін, Қазақстанның болашағы үшін, жанымыз ашығандықтан дауысымызды беруге елшілікке келіп отырмыз.
№265-ші сайлау учаскесінде бірқатар халықаралық ұйымдардан келген тәуелсіз байқаушылар жұмыс істеп жатыр. Ендеше сайлаудың барысы туралы сол мамандардың өздері айтсын.
Александр Ключников, ТМД байқаушылар миссиясының өкілі:
Сайлау қалыпты, ойдағыдай өтіп жатыр. Сайлаушылардың саны өте көп, оны мына менің артымдағы кезектен өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Салыстыратын болсақ, бұған дейін өткен Президент сайлауында бір күнде барлығы 1300 адам келген. Ал бүгін таңертеңгі сағат 11-ге дейін 275 адам дауыс беріп үлгерді. Соған қарағанда, бұл жолғы сайлау белсендірек өтетін секілді.
Бұл жердегі сайлаудың бір ерекшелігі, дауыс беру процесін кез-келген адам Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми сайтынан онлайн режимде тамашалай алады. Ол үшін мына мен тұрған залға арнайы камера орнатылған.
Тағы бір айтатын дүние, бүгін өмірінде бірінші рет дауыс берген сайлаушыларды Елшілік қызметкерлері фотоға түсіріп, олардың бет-бейнесін мына телефонға арналған стикер ретінде сыйлап жатыр.