Сайлау науқанына қатысты шетелдік сарапшылар өз пікірлерін айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау науқанына қатысты шетелдік сарапшылар өз пікірлерін айтты

11.06.2019

«Қазақстандықтар тыныштық үшін дауыс берді»,- деді көпшілігі. Халық елдегі саяси үдерістерге бейжай қарамай, керісінше оған белсенді қатысатындығын көрсетті.

Тұрғындардың 77 пайызы сайлауға қатысып, таңдау жасауы - жақсы көрсеткіш. Жалпы Қазақстандағы өзгерістерге төрткүл дүние көз тігіп отыр. Бұл елдің жаһандық аренадағы беделін көрсетеді. Тіпті, науқанды өткізу форматынан үйренетін тетіктерімізде көп деп отыр сарапшылар.

Фархад Мамедов, саясаткер, Әзірбайжан Республикасы:

Қазақстан осы өңірге ықпалы бар, маңызды мемлекет. Мұндағы саяси үдерістер көршілеріне, әсіресе орталық Азияға ерекше әсер етеді. Сондықтан біз үгіт-насихат кезеңін де, сайлауды да жіті бақылауда ұстадық. Барлығы ойдағыдай өтті.

Арсений Сивиский, саясаткер, Беларусь Республикасы:

Қазақстан билігі барынша ашық болды сайлау кезінде. Үміткерлер түрлі саланың өкілдері болды. Тіпті оппозиция тарапы да өз кандидатурасын ұсынуға мүмкіндік алды. Мен және сырттан келген өзге саясаткерлер науқанға өте жақсы деген баға беріп отырмыз.

Шетелден келген мыңнан астам халықаралық байқаушы өз жұмыстарын қорытындылап, сайлауға қатысты өз пікірлерін білдіруде.

Сангаджи Тарбаев, халықаралық байқаушы, Ресей:

Тұтастай алғанда сайлауға дайындық өте жоғары болғанын байқадым. Ұйымдастыру жұмыстарын жақсы бағалаймыз. Біз де байқаушы ретінде өзіміздің әрекетімізге үлкен жауапкершілікпен қарадық. Сайлаушылардың көпшілігімен сөйлестім. Байқағаным адамдардың саяси науқан туралы пікірі жақсы.

Исмет Учма, халықаралық байқаушы, Түркия:

Байқаушылардың жұмысына ешкім кедергі келтірген жоқ. Сайлау учаскелерінде дауыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасалған, қажеттіліктің барлығымен қамтылғанын көрдік. Демократиялық қағидаттар қатаң сақталды. Мен мұны көптеген ел үшін үлкен үлгі деп айтар едім.

Сайлауға Германиядан келген байқаушылар баға берді. Бірнеше сайлау учаскесінде болған олар сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ашық өткендігі мен сайлаушылардың белсенділігіне таң қалғандықтарын жасырмады. Қасым-Жомарт Тоқаевты Президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Қазақстаннан көп нәрсеге үйренуге болатындығын да айтты.

Карл Фридрих, халықаралық байқаушы, Германия:

Бұл сайлау сіздер үшін маңызды тарихи сәт. Жалпы дайындықтың деңгейі өте жоғары болды. Әр учаскеде халық үшін жағдай жасалған. Лайықты қызмет көрсетілді. Сайлауда тағы бір байқағаным, тәуелсіз байқаушылар үшін, комиссия үшін ешқандай шектеу болған жоқ. Біз қажетті ақпараттың барлығын алдық.

Күллі әлем сын көзбен қарап отырған саяси науқанды қазақ елі осы жолы да абыроймен атқарды. Бұл бірлігімізді айқындап, еліміздің жаһан жұрты алдындағы беделін одан әрі арттырары анық.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу