Димаш Құдайбергеннің Нұр-Сұлтанда өтетін жеке концертіне дайындық қалай жүріп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайбергеннің Нұр-Сұлтанда өтетін жеке концертіне дайындық қалай жүріп жатыр?

27.06.2019
Димаш Құдайбергеннің Нұр-Сұлтанда өтетін жеке концертіне дайындық қалай жүріп жатыр?

29 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты жеке концерті өтеді. Әнші өзінің шығармашылық кешін өткізетіні туралы көпшілікті осы жылдың қаңтар айында хабардар еткен болатын.

Концерттің дайындығына 500-ден астам жоғары кәсібилі мамандар тартылды. Кешке 1200 метр матадан 150 сахналық костюм тігілді.

Жоғары деңгейдегі қойылымдық нөмірлер үшін балет труппасына халықаралық алаңдарда өнер көрсетіп жүрген еліміздің ең үздік бишілері мен акробаттары тартылды. Оның ішінде, «Notre dame de Paris» мюзиклінің әртістері, «Танцы на ТНТ» жобасының қатысушылары және батуттық гиманстика бойынша спорт шеберлері бар.

«Концертке дайындық мерзімінде әуеде жалпы қашықтығы 150 мың шақырымды құрайтын 50 рейс жасалды. «Арнау» концерті үшін 200 кВт дауыс, 600 м2 лэд-экран, 1000 жарық құрылғылары қолданылады», - деп атап өтті «Қазақстан» РТРК» АҚ Коммерциялық директоры Жаннұр Айдарбекова. Сондай-ақ, 29 маусым күні концерт алдында, сағат 19:35-те «Qazaqstan» Ұлттық арнасы тікелей қосылымға шығатынын жеткізді. Ал, концерттің теленұсқасы 6 шілдеде көрсетіледі.

ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин «Арнау» кеші бұл - музыкалық әсерге негізделген жанды көрініс, тірі дыбыс, ерекше сахналық қойылым екенін атап өтті. Концерт сценарийіне 27 ән енгізілген, сондай-ақ, жаңа альбомына енген таңдаулы 5 әні бар.

Концерт ұйымдастырушыларының айтуынша, кеш билеттерін әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман сатып алған. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Африка, Египет, Израиль және Марокко сынды алыс мемлекеттердің тыңдармандары бар.

Шараның әлемдік маңыздылығын ескере отырып, жобаға қазақстандық ірі - Air Astana, Forte Bank, Kcell компаниялары қолдау білдірді.

Хабарламаларға жазылу