Димаш Құдайбергеннің концертіне әлемнің 68 мемлекетінен турист келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайбергеннің концертіне әлемнің 68 мемлекетінен турист келеді

21.09.2022

Алматыда өтетін Димаш Құдайбергеннің концертіне билет қалмаған. Себебі 80 пайызы екі ай бұрын сатылып кетсе, соның төрттен бірін шетелдіктер алған. Бұған қоса меймандардың көптігінен алып шаһардағы қонақ үйлерде бос орын қалмаған.

Оңтүстік Африка, Америка, Перу, Франция. Бұл Димаштың концертіне келген жанкүйерлердің бір тобы ғана ғана. Жалпы Алматыға қазақ әншісінің кеші үшін әлемнің 50 мемлекетінен 600-дей турист келеді деп күтілуде. Олардың алды қалаға келіп, көрікті жерлерді тамашалап жүр.

Норма Чавес, Димаштың жанкүйері /АҚШ/

Қазақстанға, Димаштың Отанына алғаш келуім. Димаш бізге, яғни жанкүйерлерге бірлік пен достық сыйлады. Ол отбасымызды бағалауды, кеңпейіл болуды үйретті. Димаш шырқайтын әннің тілін, мағынасын түсінбесек те, оның дауысы жанға шипа, жүрекке жылу .

Ивонна, Димаштың жанкүйері /Оңтүстік Африка/

Мен Кейптауннан келдім. Димашты 2016 жылдан бері отбасымызбен тыңдаймыз. Шығармашалығын өте жоғары бағалаймын. Қай елде концерт берсе, сонда барамын. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын анамнан айрылып қалып едім. Сол қайғыдан мені Димаштың әндері ғана алып шықты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Алматыда 366 қонақ үй бар. Қазір ең ірі әрі 4-5 жұлдызды қонақ үйлердің көбінде орын жоқ.

Алмаз Дөненов, қонақ үйдің коммерциялық директоры:

Жалпы, қыркүйек айында қалада көрмелер өтеді, жұмыс сапарлары жиілейді. Бірақ Димаштың концертінен болар, қонақтарымыз көптеп келіп жатыр. Бірнеше күнге адам қабылдай алмаймыз. Қонақүй лық толы.

Туризм басқармасындағылар да бұл жайтты растап, шаһардың меймандарды қарсы алуға дайын екенін айтып отыр.

Бауыржан Пазылхайыр, қалалық туристік-ақпараттық орталығы директорының орынбасары:

Алматы қаласындағы қонақ үйлердің толымдығы 38,4 пайызды құрады. Бұл өткен жылдағы сәйкес уақытпен салыстырғанда 17,7 пайызға өсіп отыр. Осындай іс-шара көбірек өткізілсе, инфрақұрылымды әрі қарай дамыту қажеттілігін көрсетеді.

Димаштың жеке концертіне 30 мыңнан астам көрермен жиналмақ. Ал «Stranger» кеші пандемиядан кейін өткізілгелі отырған Алматыдағы ең ауқымды шара болмақ.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу