Батыс Қазақстаннан грантты жеңіп, оқуға келген жастар таңдаған мамандығына түсе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстаннан грантты жеңіп, оқуға келген жастар таңдаған мамандығына түсе алмай отыр

29.08.2019

Алматыда Қазақ спорт және туризм академиясының «Туризм» мамандығы бойынша мемлекеттік грант жеңіп алған батысқазақстандық алты талапкерді оқу орны қабылдамай жатыр. Өйткені колледж бітіріп келген балалардың құжаттарындағы мамандық шифры қате жазылған екен. Яғни таңдалған мамандыққа құжат сәйкес келмейді. Ал жастардың сөзінше, бұған Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мамандары кінәлі. Олар құжаттарды қабылдап, дайындаған әрі бағыт-бағдар берген.

Талапкерлер Орал қаласындағы колледждердің бірінде бір топта білім алған. Сонымен қатар жаяу туризм саласы бойынша бірнеше рет республикалық додалардың жеңімпазы атанған. Сондықтан Алматыға еліміздегі туризм саласының дамуына үлесімізді қосамыз деп арман қуып келген. Алайда қуаныштары су сепкендей басылды.

Аманбек Сейсембаев, талапкер:

Төрт ұйықтаса да түсімізге енбейтін нәрсе ғой бұл. Қалай ол? Әрі қарай өмір сүргің келмейді ғой. Ертең барғанда ел-жұртқа не дейсің? Біз мына жаққа келгенде ата-аналары осындай болуы үшін жіберген жоқ оларды. Біздің баламыз жас маман атанады деп жіберді. Ал біз мына жаққа келгенде сенделіп жүрміз, әрбір босағаның табалдырығын тоздырып.

Мөлдір Жолдығұлова, талапкер:

Шыны керек, біз не істерімізді білмей, айдалада қалғандай болдық. Біз енді не істейміз? Не істей аламыз? Осы жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігінен көмек сұраймыз.

Ал Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығы қателік кеткендігін мойындап отыр.

Нұрлан Серғалиев, М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры:

Шынында, бұл біздің университеттің кінәсі. Техникалық мамандардан қателік кетті. Сол үшін кешірім сұраймыз. Біз талапкерлердің ата-аналарымен кездестік. Балалар бізге келіп, «Туризм» мамандығында тегін білім алуларына болады. Ол үшін заңды түрде барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз. 1 жылдан кейін басқа оқу орнына ауысам десе өз еріктері. Барынша көмектесеміз.

Ал Қазақ спорт және туризм академиясының басшылары: «Құжатта қателік кеткендіктен, оқуға қабылдауға құқығымыз жоқ»,- деді. Дегенмен осыған жауапты Білім және ғылым министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментіне хат жолданған. Алайда әзірге нақты жауап жоқ.

Қалдар Унтаев, Қабылдау комиссиясы басшысының орынбасары:

Департаментке 26-сы күні хат жіберілген. Хаттың жауабында қалай келеді? Егер бұл балаларды Спорт және туризм академиясына қабылдасын деген маған хат келетін болса, мен оны қабылдаймын.

Талапкерлердің айтуынша, мамандар оларға оқу жылы басталғанға дейін мәселенің мән-жайы анықталмаса, ештеңе өзгермейді деп айтқан. Дегенмен әлі де үміт бар. Енді олар Білім және ғылым министрлігінің жауабын күтеді.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу