Дәл бүгін қазақ даласына үлкен қасірет тарттырған Семей ядролық полигонының жабылған күні. Атом аждаһасының үні ұлы Абай жерінде естілмегелі 28 жыл. Алайда жарылыстардың жаңғырығы зардап шеккен халықтың жүрегінен әлі өше қойған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде ядролық қарусыз әлем құру барлық мемлекеттердің басты мақсатына айналуы тиіс екендігін айтқан болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:
Елбасының бастамасымен дәл осы 29 тамыз «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» болып белгіленген. Сондықтан жыл сайын кезінде әлемдегі ең үлкен сынақ алаңына айналған Семейде дәстүрлі «Бейбітшілік» акциясы өтеді.
Жылдағы дәстүр бойынша Бейбітшілік аралында «Бейбітшілік» акциясы ұймдастырылды. Қала тұрғындары мен шет елдерден келген меймандар «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойды. Бір минут үнсіздікпен полигон құрбандарын еске алды.
Кейши Сасаки 17 жыл бұрын құрылған. «Хиросима-Семей» ұйымының жетекшісі. Семейге атом полигонының жабылған күнін атап өтуге жыл сайын арнайы келеді. Атом аждаһасаның зардабын тартқан тағдырлас ел ретінде Жапон мемлекеті бүкіл әлемде жаппай қырып жою қаруларын болдырмау идеясын қолдайды. «Сондықтан Қазақстанның да, күншығыс елінің де мүддесі бір»,- дейді ол.
Кейши Сасаки «Хиросима-Семей» ұйымының жетекшісі:
Атом бомбасының зардабын тартқан елдің тұрғыны ретінде мен семейліктердің көрген қасіретін жақсы түсінемін. Қазақстан халқы және оның басшысы ядролық қарудан бас тарту арқылы әлемді бейбітшілікке шақырды. Қарусыз әлем құруға адамзат баласын шақыру — бұл біздің басты мақсатымыз. Сондықтан біздің ұйым әрқашан қазақстандықтармен бірігіп, атом қаруының таралмауына, одан зардап шеккен халыққа көмек беру жолында еңбек етіп келеміз.
Биыл Семей сынақ полигонының Елбасы жарлығымен жабылғанына 28 жыл. Ал ядролық сынақтарды тоқтату жолында құрылған «Невада-Семей» қозғалысына тура 30 жыл толды. Халықтық қозғалыс алғаш құрылған күні оның құрамына 1 миллионнан астам адам кірген. Бір-екі айда ұйым мүшелері екі есеге артқан. Елімізде полигон жабылса да, «Невада-Семей» жұмысын бір сәтке де тоқтатқан емес. «Бейбітшілік жолындағы қозғалыс әлемде жаппай қырып жою қаруының аты өшкенше қызмет ете береді»,-дейді антиядролық қозғалыстың вице-президенті Сұлтан Картоев.
Сұлтан Картоев, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті:
Ұйымның өкілдері әлемнің әр түкпірінде әлі күнге жұмыс істейді. Бүгін жер шарындағы 5 құрлықтағы жалғыз Семей полигоны ғана жабылды. Қалғандары әлі сақтаулы. Сондықтан адамзат баласы бірлесіп, болашақ үшін, бейбітшілік үшін, олардың да мүлдем жойылуы жолында бірігуі керек.
40 жыл ойран салған ядролық сынақтардың зардабын Семей жұрты әлі тартып келеді. Қазір өңірде 999 мың адам атом жарылыстарынан зардап шеккен деп танылған. Алайда олардың барлығына дерлік кешенді түрде әлеуметтік-медициналық көмек беру үшін облыста түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. «Адамзаттың өз қолымен өзіне жасаған мұндай қастандығы енді ешқашан қайталанбасын», - дейді «Бейбітшілік» акциясына қатысушылар.
Ержан ЖАҚЫП