Елбасы Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісін қабылдады

28.08.2019

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады. Кездесу барысында тараптар еуразиялық экономикалық интеграция аясындағы екіжақты  ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Елбасы Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың ерекше сенімді сипатқа ие екенін атап өтті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттігіне де тоқталды. Бұдан бөлек, Елбасына Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорындарын құру және дамыту, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы:

Ресей барлық бағытта біздің негізгі одақтасымыз, серіктесіміз болып қала береді. Біз қарым-қатынастарымызды бағалаймыз және әрі қарай дамыта береміз. Мен бұрын айтқанымдай, санкциялар жағдайында экономиканың түрлі салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға ерекше назар аудару керек. Біз он мың бірлескен кәсіпорын құрдық. Ресей – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі. Мен жұмыс істеген жылдардың бәрінде біз Сіздің еліңізбен жақын және сенімді қарым-қатынас орнаттық. Бүгін біз барлық уағдаластықтарымызды бекем ұстанып келеміз.

Алексей Бородавкин, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Ресейде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және сәулетшісі, Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы ретінде Сізге үлкен құрметпен қарайды. Сіз дамудың стратегиялық бағытын сақтаудың кепілі болып қала бересіз. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу