Президент үш елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент үш елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

14.11.2022

Ақордаға бүгін 3 бірдей елдің елшілері келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының, Сьерра-Леоне Республикасының және Молдова елінің дипломаттарынан сенім грамоталарын қабылдады. Шара барысында АҚШ өкілі өзінің қазақ тіліне деген құрметін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Біз ашық сыртқы саясат жүргізіп отырмыз. Қазақстанмен қарым-қатынас жасайтын елдердің бәрі бейбіт өмір сүруге тиіс деп санаймыз. Еліміз бұл бағытта жетістікке жетіп, барлық реформаны тиімді жүзеге асыру үшін жан-жақты жағдай жасаймыз. Сондықтан сіздердің елдеріңізбен достық байланыс орнатуға дайынбыз.

Осы шарадан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісін қабылдады. Кездесуде Президент Қазақстан АҚШ-пен барлық бағытта стратегиялық серіктестікті нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Өз кезегінде Дэниел Розенблюм АҚШ тарапы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларын қолдайтынын мәлімдеді.

Дэниел Розенблюм, Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
АҚШ Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдайды. Сонымен қатар экономикалық байланыстарды нығайтып, халықтарымыз арасындағы байланыстарды кеңейтуге мүдделі. Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы жаңа елшісі ретінде қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Стратегиялық серіктестігімізде одан әрі тереңдетуге асықпын.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу