«Ағаш көктетіп темірден, арқан естіріп сары құмнан» үні жеткен жерлерге үкім айтып, алып атыраптың шекарасын найзаның ұшымен сызған қазақтың саны жыл санап артып келеді. Жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған елдің аумағын аузы-мұрнынан шығарып толтырып тастамасақ та, оң өзгеріс бар. Миллиондаған елге ақпарат айтарда, аттап кетуге болмайтын ресми ақпарат былай дейді: 2018 жылдың соңында, 31 желтоқсандағы есепке сәйкес Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты халық саны 18 608 079 адам болған. Бұл - өткен жылы қазақстандықтардың саны 283 843-ке өсті деген сөз. Айтпақшы, 2018 жылғы ресми деректің мына тұсын айтпай кетуге болмас. Қараңыз, өткен жылдың 31 желтоқсанындағы ақпарат елімізде 8 937 928 еркек, 9 670 151 әйел заты бар екен. Әлгі 1 еркекке 8 қыздан келеді деп желігіп жүргендердің аузына құм құятын дерек бәріне керек.
Осы тұста әлем елдерінің ішкі-сыртқы саясатына сәуегейлік айтып, еткен еңбегінде кеткен кемшілігі бар мемлекеттерге ескертпе жасап естерін жиғызатын БҰҰ мынадай дерек ұсынды. 2010 жылы әлем халқының 60 пайызы Азияда, 15,5 пайызы Африкада, 10,4 пайызы Еуропада мекен еткен. Ал, 2050 жылы, жер басып жүретін жаһан жұртының жартысынан астамы Азияда, 25 пайызы Африкада, 8,2 пайызы Латын Америкасында күн кешеді-мыс. Басқа өңірлерде өмір сүретін адам саны аздау. Мамандар, бұл мысал біздің жұртымыз жерсінген Азияда туу көрсеткішінің тұрақты, кей жерде бүгінгіден жоғары болатынының көрсеткіші деп топшылады. Мұны жақсыға жоримыз. Өйткені дәл қазір Қазақстанда бір шаршы шақырым аумаққа 6,8 адамнан келеді екен. Бұл - біздегі адам санының аздығының айғағы. Бұдан бөлек, тағы бір түйткіл бар. Бұл - халықтың тығыздығы. Жасыратыны жоқ, оңтүстіктегі ауа райы жайлы, алқабы майлы аумақта тұрғын көп. Ал, солтүстікте отандастарымыз тым аз. Кінәні климатқа арта беру орынсыз мұндайда. Бұл ахуалды реттеу үшін мемлекет бірнеше жылдан бері ішкі көші-қонды қолға алды. Халық тығыз орналасқан аймақтардағы адамдарды тұрғындары сирек мекендерге жеткізу жолға қойылды. Өзге өңірге апарып тастап кетеді деген сөз жоқ. Оларға баспана мен кәсіп бастауға қомақты қаржы да беріледі. Ресми орындардың жұртқа жеткізген жобасында осылай делінген.
Айтпақшы, құмалақ шашып, бал ашпаса да алдағыны болжайтын мамандар биыл қазақстандықтардың саны 288 239 адамға артатынын айтты. Жыл соңында биді дауда, батырды жауда көрген, елдің жүгін ер менен нарға берген қазақ жерінде 18 896 318 адам мекен етеді екен.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.