Салбұрынға шығып көрдіңіз бе? Құсбегілікке қатысты қызықты мәліметтер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салбұрынға шығып көрдіңіз бе? Құсбегілікке қатысты қызықты мәліметтер

15.01.2019

Құсбегілік — қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр. Ол арқылы халқымызға тән барлық асыл қасиеттер көрініс табады. Әдетте қазақ бүркіттің еркегін «сарша» немесе «шәулі», ұрғашысын «ұябасар» деп атайды.

 

Халқымыз бүркітке ежелден құрметпен қараған. Тіпті, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдарында қыран бүркіттің затқа шаққандағы құны 5-6 түйеге тең деп белгіленген. Қариялар әрі барғанда бүркіт 33 рет түлейді, яғни, 40 жылға жетер-жетпес уақыт өмір сүреді дейді. Бірақ, қазіргі мәлімет бойынша бүркіттің тек 20 жасқа дейінгі аты белгілі.

Балапан, қан түбіт, тірнек, тас түлек, мұзбалақ, көктүбіт, қана, жана, май түбіт, барқын, баршын, шөгел деп бүркіттің 12 жасын 12 мүшелге немесе буынға дейін көрсетеді.

Кейбір құсбегілер бүркіттің тұмсығындағы ирегін санап, құс жасын межелеп жатады. Бірақ, құс тұмсығындағы ирек 8-9-ға барғаннан кейін тоқтап қалады. Одан кейінгілерін «қу тұмсық» дейді.

Құсбегілер қыран құсты тор құрып ұстайды немесе қарақанат балапан кезінде ұядан алады. Оның аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді.

Сонымен қатар, қыранды баптап ұстау үшін берілетін жем түрлерінің де өзіндік атауы бар: қансоқта, қызыл, тартпа, сарбөртпе, тоят, үрген өкпе немесе боз өкпе, тұғыр, томаға, желі бау, бүркіт қолғап немесе биялай, бүркіт балдақ немесе қолдық, сапты аяқ,түтік немесе шүмек.

Аңшы, саятшылар топтасып, бірнеше күн аң аулауға шығып жатса, оны салбұрын деп атаған. Мұндайда ауланған аң бәріне бірдей бөлінеді. Егер біреудің қыран құсына көзіңіз түсіп жатса, көңіліңіз ауып жатса, сұрап алуға болады. Тек қарымтасына берілетін тұғыр жағар деген кәдені ұмытпасаңыз болды.

 

Толық нұсқа

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

 

Хабарламаларға жазылу