Құрбандық шалуға қатысты мәліметтер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрбандық шалуға қатысты мәліметтер

01.10.2014
Құрбандық шалуға қатысты мәліметтер

Қазан айының 4-і Құрбан Айт мейрамы. Осыған орай көптің көңілінде жүрген бірнеше сауал бар. Құрбандық қай уақыттан бастап шалынуы тиіс? Қандай малдарды құрбандыққа шалуға болады? Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Нақты  себептерге байланысты Құрбан Айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады.

Құрбандыққа шалынатын малдарға келетін болсақ, тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға рұқсат. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы қажет.

Алты-жеті айлық марқа  қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Құрбандыққа бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз, құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған мал шалуғы тыйым салынады.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек.

Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті, құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Бірігіп құрбан шалуға келсек, қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына да болады.

Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтастар үшін құрбан болып есептелмейді.

muslim.kz

Фото: voxpopuli.kz

Хабарламаларға жазылу