«Qareket». Жұмабек Табын: Тақияны ұйықтарда ғана шешемін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket». Жұмабек Табын: Тақияны ұйықтарда ғана шешемін

18.09.2018

Кеше «Qareket» бағдарламасының «Madeniet» айдары жарыққа шықты. Хабарды Есболат Айдабосын тізгіндеді.

Бағдарламада «Адам көркі» тақырыбымен қазақтың ұлттық киімдерін күнделікті кию мәселесі көтерілді.

Қонаққа режиссер Қалила Омар, студент Мұрат Сайфуллаев, этнопедагог Сараш Қоңырбаева, дизайнер Ая Бапани, оқытушы Нұргүл Хасанқызы, зейнеткер Гүлмира Бабалинова, студент Құралай Смағұлова, әнші Меруерт Түсіпбаева, дизайнер Ләззат Исаханова, зейнеткер Зеріп Айтжанова, студент Назкен Жансерікова, өнертанушы Жұмабек Табын келді.

Қалила Омардың айтуынша, ол тақияны мектеп табалдырығын аттамай тұрып киген. Режиссер шет елдерге іс-сапармен шықса да, тақиясын тастамайды екен. Ресейде оқыған кезінде, Үндістанға, Лондонға барған кезде де, қазақтың тақиясы басынан түспеген.

Оның айтуынша, ана тілімізді сақтау үшін, ұлттық киімдерімізді ұлықтауымыз керек. Ол мысал ретінде үнді халқын айтып өтті. «Ағылшын отарында болған кезде, үнді халқы сариі арқылы хинди тілін сақтап қалған. Өйткені, киім өндірісі – экономиканың бір тармағы ғана емес, ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі» деді.

Жұмабек Табын тақияны тек ұйықтарда ғана шешеді. Ол қазақтың біртуар азаматтарының бәрі тақиядан айырылмағанын айтты. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарға еліктеп, «ата тақия» киеді. Ол Абай атамызда да, Шәкәрім Құдайбердиевте де тақия болғанын сөзге тиек етті.

Дизайнер Ая Бапани қазақы оюлы авторлық туындыларын жасауға бір ай уақыты кететінін айтады. Ол осыдан 2-3 жыл бұрын дизайнерлік қазақы киімдердің бағасын түсіруге біраз тырысқан. Оның айтуынша, бұл мүлде мүмкін емес екен.

Ал, Нұргүл Хасанқызы қазақы камзол киіп, студенттерге үлгі болып жүр.

Зейнеткер Гүлмира Бабалинова «мен үшін ұлттық киім деген ұғым жоқ, ыңғайлы киім ғана бар», дейді.

 Студент Құралай Смағұлова «заманға сай киіну – ерсі емес» дейді. Оның айтуынша, заманауи киінгенде тұрған ештеңе жоқ. Сонымен бірге, ол «ұлттық киімдеріміз заманға сәйкестендіріліп тігілсе, киер едім» дегенді де айтып қалды.

Ал дизайнер Ләззат Исахаованың айтуынша, ұлттық нақыштағы киімдер қолжетімді. Ол жұмыс істейтін аяқ киім өндірісінің өнімдері – арзан бағада.

Студент Назкен Жансерікова Алматы қаласының көшелерінде қазақтың Абайға дейінгі кезеңдегі киімін, 20-30 жылдардағы киімін, 70-80 жылдардағы киімдерін киіп шығып, әлеуметтік эксперимент жасаған. Оның айтуынша, халық оны жақсы қабылдаған.

Хабарламаларға жазылу