«Qareket». «Ғылым таппай мақтанба...» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket». «Ғылым таппай мақтанба...»

24.09.2018

Қыркүйектің 21-інде «Qareket» бағдарламасы жарыққа шықты. Хабарды Бейсен Құранбек тізгіндеді. Хабарда «Ғылым таппай мақтанба...» тақырыбы көтерілді.

Хабарға қонаққа физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев, дипломат Батырхан Құрменсейіт,  Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры, профессор Тынысбек Кәрменов, «ANTIGEN» ғылыми-өндірістік ЖШС директоры Нұрлан Ахметсадықов, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының вице президенті Алмас Төлегенұлы, ғалым Қайрат Кеңес, инженер Талғат Сүндетов, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының зертхана меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Еділхан Әмірғалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, генетик Гүлнұр Жүнісова келді.

Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, «ғылым мен білім ағалы-інілі». «Білім деген – көл. Ғылым көлден шыққан өзен»,- дейді.

Сонымен бірге Батырхан Құрменсейіт «Білім деген –білу, ал ғылым – қылу, жаңалық ашу»,- дейді.

Ал Қайрат Кеңес ғылымның ақшаға сатылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, ғылым гранттары – сатулы немесе тамыр-таныстық. Ол өзінің жобасын ұсынғанымен, жеңіп ала алмаған. Шет ел сарапшыларынан жоғары балл алған ғалымдар екінші турдан төмен алып, грантты басқалары иеленген. Сонымен бірге грантты ұтып алып жатқандардың 90%-ы керексіз жобалардың иелері екенін айтты.

Бірақ академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша жас ғалымның ойы – қате. «Ғылымның бәрі керек»,-деді Жұмаділдаев.

Ал жапонтанушы Батырхан Құрменсейіт «Жапон елін үлгі етеміз. Әрине, мұның жаны бар. Бірақ кейде жапонды қатты мақтап жібереміз. Жапонияның жері аз, мұнай жоқ, табиғи пайдалы қазбалары жоқ. Тек балығы ғана бар. Бірақ олар ғылым мен білімнің арқасында үлкен деңгейге жетіп отыр»,- дейді.

Қазір Жапония дамыған елдердің арасында әлеуметтік мәселерінен бірінші тұр. Бұған себеп – қарттардың көп болуы. Яғни 100 жастан асқандардың саны бүгінде 100 000-ға жетіп отыр. Осының салдарынан жұмыс істейтін жастардың саны – аз. Жұмыс күші ретінде олар роботтарды жасап, оларды пайдаға асырмақ ниетте.

Нұрлан Ахметсадықов 1999 жылы «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорынын құрды. Осы кәсіпорында мал ауруларын емдеуге арналған препарат жасайды. Ол өз идеясын іске асыру жолында көп қиындықтарды көргенін айтты. Дәрі шығару үшін аппараттар қажет болады. Аппараттарды шет елден алып келуге мүмкіндігі болмағандықтан, балама түрін қазақ ақсақалына жасатады. Алғашында 3 адамнан ғана құралған кәсіпорында бүгінде 70 адам қызмет істейді. 

Хабарламаларға жазылу