«Qareket»: «Шырқы кеткен шаңырақ» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket»: «Шырқы кеткен шаңырақ»

26.09.2018

Кеше «Qareket» бағдарламасы жарыққа шықты. Бағдарламаны Досан Қызайбекұлы тізгіндеген.

Бағдарламада «Шырқы кеткен шаңырақ...» тақырыбы көтерілді. Тақырыптың көтерілуіне Күлімхан Шыбынтаева «Qareket»-ке келіп, көмек сұрағаны себеп болып отыр. Ол өз балаларынан таяқ жегенін айтты. Оның айтуынша, балалары оны соққыға жығып, үйден  қуып шыққан.

Бағдарламаға қонаққа әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова, Нұркен Ділмұқан, психотерапевт Айгүлім Абетова, ақын Заря Жұманова, ақын Әбсаттар Оспанов келді.

Жиені Әсел Мұхтарқызы осы мәселе туралы өз ойын айтты. Ол «әжесінің Күлімханның көрмеген азабы жоқ, дейді.

Бұл мәселе 2006 жылы үлкен ұлы қайтыс болғаннан кейін басталған. 1991 жылы Күлімхан үйді құжат жүзінде ұлы Нұрбекке сыйға тартады. Ал қазір ол үйін қайтарып алғысы келеді.

Бүгінде Күлімхан қызы Баянның қолында тұрып жатыр.

Ұлы Нұрбек Шыбынтаев анасының бар жағдайын жасағанын айтады. Ал Күнімханның қызы Ұлтай Әбдуәлиқызы «інім мен келінім шыдап келе жатыр» дейді. Оның айтуынша, оның сіңілісі мен жиені анасын бұзып отыр.

Ал Күлімханның қайын інісі Нұрбай Нұрымұлы «Ол актер болып ойнауы керек. Баласы оны бағып отырса да, шу шығарып отыр»,  дейді.

Келіні Гүлмира Нүсірәлиева «Кейде жақсы тамақтар, кейде қарапайым тамақтар жасалынады. Қарапайым тамақ жасасақ, ішпеймін деп лақтырады» дейді.

Көршісі Сайран Бадановтың айтуынша, Нұрбек Шыбынтаев «үлкендерді сыйлай білетін иманды жігіт. Күлімхан жылдан-жылға сабырынан айырылып барады»,- дейді.

Мәселеге бағдарламадағы қонақтар араласты. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, «Күлімханның балалары оны өз мүдделеріне пайдаланып отыр».

Ал Әбсаттар Оспанов «балалары анасына қандай қиын жағдай орын алса да қол жұмсамақ тұрмақ, дауыс көтеруге де қақысы жоқ»,- дейді.

Сондай-ақ, психотерапевт Айгүлім Абетова «барлық кілтипан ананың денсаулығында»,- дейді. Оның айтуынша, «ол емделсе, бар түйткіл шешіледі».

Сонымен бірге, ақын Заря Жұманова «қаны бір туыстар татуласса ғана мәселе шешіледі»,- деген ойда.

 

Хабарламаларға жазылу