Мұса Шорманов 1819 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол өз заманы үшін көпке танымал және беделді адам болған. Қоғамдық істерге белсене араласып, өзінің туған жиені, белгілі ғалым Шоқан Уәлихановпен тығыз байланыс орнатқан.
М.Шорманов елінің этнографиялық ерекшеліктерін зерттеумен айналысты. Сібірде шығып тұратын газеттерге материалдар ұсынып, Географиялық қоғам ұйымдастырған көрмелер мен оның Г.Н. Потанин, Н.И. Ядринцев, Н.Ф. Костылецкий сияқты мүшелеріне Қазақ елі жөнінде материалдар дайындаған.
Бүгін "Таңшолпанда" тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев қонақ болды. Профессор тарихтағы зерттелмей жатқан ұлы тұлғалардың бірі Мұса Шорманұлы туралы сұхбат берді.
«Мұса Шорманұлының 200 жылдығы Баянауыл, Керекуде тойланды. 14-15 қыркүйекте кесенесі ашылып, ас беріледі. Мұса Шорманұлы - ұлттық тұлға. Архивтік құжаттары бірнеше кітап болар еді. Өйткені, ол 14 жасынан бастап 50 жыл бойы қазаққа қызмет жасаған адам.
Мұса Шорманұлы өмірінің ең ауыр кезеңдері 30-40-шы жылдар деп ойлаймын. Өйткені, қазақ әлі Ресейге будандыққа өтпеген, хандықтан әлі қол үзбеген, Кенесары көтерілісі кезеңі еді. Ол кезде заман күрделі болды.
Шорманұлы орыс, қазақ тілінен бөлек, француз тілін жақсы меңгерген еді. Орыстың кен іздеуші көпестері келе бастағанда оларға жол көрсетуші қазақтарға жер-су аттарын орысшаламау жағын қатаң тапсырған. Қазақ жастарының білім алуына үлкен көңіл бөлген», - дейді профессор.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.