Арқар аулау саяхатының бағасы 25 мың АҚШ доллары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқар аулау саяхатының бағасы 25 мың АҚШ доллары

18.06.2018

Арқар жұптыаяқтылардың қуысмүйізділер тұқымдасына жататын ірі сүтқоректі жануар. Арқардың оннан астам түрі Жерорта теңіздері аралдары мен Шығыс Азияда және ТМД кеңістігінде тараған. Арқар жер бетіндегі ең қойтұқымдас жануар. Олардың денетұрқы 160-168 см, бойының биіктігі 105-112 см аралығында. Құлжасының салмағы 170-200 келіге дейін жетеді. Бір қызығы - арқардың жасын мүйізіндегі сақинаға қарап анықтайды.

Арқар екіжарым жаста жыныстық жағынан жетіледі. Қазан-қараша айларында күйекке түсіп, алты айдан соң аналығы көбіне жалқы қозы табады. Арқар табиғи жағдайда 12-14 жыл тіршілік етеді.

Республикамызда арқардың 6 түрі бар. Олар Алтай, Қызылқұм, Қазақстан, Тянь-Шань, Қаратау, Үстірт арқары.

Қазақта «сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайды» деген сөз бар. Бұл олардың өте ұйымшыл, бір-біріне жанашыр және өте сақ сезімтал екенін аңғартса керек.  Арқардың басты жауы – қасқыр және біз адамдар. Осы бағалы аңды аулау саяхатының бағасы 25 мың АҚШ долларына жетеді екен. Ал, бір арқардың нарықтағы бағасы - 55 мың АҚШ доллары.

Халқымыз «Арқар өрген жер – ырыс» дейді. Расымен өр мінезді, таудың рухы болып табылатын ай мүйізді арқарлар қорғауға лайық.

 

 

«Толық нұсқа»

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу